Өңірде алаяқтардың қармағына түскен жәбірленушілердің саны азаймай тұр. Күні кеше Успен ауданының тұрғыны интернет алаяқтың құрбаны болды.

Алаяқтар қарапайым халықтың ақшасын жымқыру мақсатында түрлі айламен жұмыс істейді. Интернет кеңістіктің дамуымен киберқылмыс та қарқын алып жатыр. Мәселен, күні кеше Успен ауданының тұрғыны бір қоңыраудың салдарынан 7 миллион теңгесінен қас пен көздің арасында айрылып қалды.

Айбек Алқамбек, криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

Успен ауданында орын алған алаяқ фактісі яғни телефон арқылы мобильді приложениясы арқылы адамға несие алу арқылы. Яғни, жәбірленушіге бірнеше рет қоңырау шалады күдіктілер. Жалған ақпарат айтып, несие алдырып, бейтаныс счетына ақша аударуды талап етеді.

Кеңінен танылған амалдардан бөлек, айлакерлер адам сенетін жаңа қақпанды ойлап табады. Полиця өкілдері шет елдік нөмір хабарласса, телефон тұтқасын көтермеуді ескертеді.

Айбек Алқамбек, криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

Сізге хабарласып жатқан нөмірді байқау керек. Ол міндетті түрде біздің еліміздің нөмірі болу керек. Сол кезде ғана әрекет жасау болады.

Полиция өкілдері тұрғындарға бұл жағдай бойынша үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Қала ішіндегі учаскелік полиция қызметкерлері жалғыз басты қарт адамдардың үйіне барып, арнайы түсіндірме жүргізеді. Десе де, алаяқ құрбандары күн сайын артып келеді.

Айбек Алқамбек, криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

Алаяқтар зейнеткерлерге қоңырау шалып, олардың жақын туыстары апатқа ұшыраған немесе олардың кінәсінен адам зардап шекті деген ақпаратты оларға айып және де олар қылмыстық жауапкершілікке тартылмау үшін олардан ақша талап етеді.

Тәртіп сақшылары ел тұрғындарына барынша сақ болуды сұрайды.

Мөлдір Сағидолла