Май ауданының шаруалары қыстық мал азығын дайындай алмайтын болдық деп дабыл қағып отыр. Ыстық пен құрғақшылықтан шабындық жанып кеткен. Жығылғанға жұдырық дегендей ақбөкендер де шөп шабуға мүмкіндік берер емес.
Май ауданы Саты ауылы тұрғындарының бар кәсібі тек төрт түлік. Биыл бұндағы шаруаларға аса ауыр жыл болайын деп тұр. Апап ыстықтан ондаған шаруаның шабындығы күйіп кеткен. Жақында 2000 гектар жер өртеніп те кеткен. Шөп бағасы шарықтап, ет бағасы арзандап жатыр. Бұған дейін өздеріне де, ауылдастарына да азық дайындап келген шаруалар, биыл не істерлерін білмей дал.
Мал иелерінің айтуынша, қазір рулондалған шөптердің бағасы 20 мыңнан. Өткен жылы ғана оның бағасы бұдан екі есе арзан болды дейді. Әр шаруа қожалығына шамамен 3 мыңнан аса рулон алу керек. Сонымен қатар, мәселесі тек құрғақшылық пен өрт қана емес. Ақбөкендер де жайылымды шабындықты әбден тоздырды дейді олар.
Жергілікті билік шаруаларға Ақтоғай ауданынан шабындық жер ұсынған. Алайда, жол шығыны да оңайға түспейін деп тұрған жоқ. Ол жаққа барып-қайту 500 шақырымнан асады.
Мал азығын арзандату үшін берілетін субсидиялау жағдайды түзетпейді. Ауыл шаруашылығы басқармасы бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінгенін, тағы бір миллиардтың дайындалып жатқандығын айтқан. Биыл бір бас ірі қараға 15 000 теңге, ұсақ малға 5 000 теңге бөлініпті. Бірақ шаруалар бұл мардымсыз деп есептейді. Тиісті көмек көрсетілмесе, жаппай мал шығыны боларын ескертеді.
Жанасыл Серікбол, Евгения Мягченко