Негізгі Жаңалықтар Павлодар облысында екі есірткі курьері ұсталды

Павлодар облысында екі есірткі курьері ұсталды

Жедел түсірілім

Павлодар облысының жедел уәкілдері есірткі заттарын таратудың кезекті әрекеттерінің жолын кесіп, күдіктілерді ұстады. Күдіктілер жедел-алдын алу шарасы аясында қолға түсті.



«Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жедел уәкілдер облыстың 23 жастағы тұрғынын ұстады. Жеке тінту барысында оның спорттық сөмкесінен ішінде ұнтақ тәрізді зат бар, таратуға дайын орамалары салынған брикеттер тәркіленді. Сонымен қатар күдіктінің тұрғылықты жеріндегі қойма бөлмесінен тағы бірнеше орама табылды. Сондай-ақ есірткі заттарын өлшеп, буып-түю үшін пайдаланылған қаптама материалдары, электронды таразы және басқа да заттар тәркіленді.

Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың синтетикалық есірткі және психотроптық зат екені анықталды. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 1 килограмм 857 грамды құрады. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті психотроптық заттарды сататын интернет-дүкеннің тасымалдаушысы және жасырын орындарға есірткі салушы қызметін атқарған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Екінші жағдайда жедел уәкілдер Жамбыл облысының тумасын ұстады. Тінту барысында одан жалпы салмағы 1,5 килограмнан асатын психотроптық зат табылып, тәркіленді. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Күдікті үйқамақта. Жыл басынан бері Павлодар облысында полицейлер заңсыз айналымнан әртүрлі есірткі заттарының 463 килограмын, оның ішінде 14 килограмм синтетикалық есірткіні тәркіледі.



Сабина Жолдаспаева


Бөлісу