ҰҚТ-ға қатысты 50 қылмыстық іс қозғалды
Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 50 қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыстың алдын алу және жолын кесу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бизнестің мүдделерін қорғау бағытында тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.
Адамды қанауға байланысты қылмыстардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңды іске асыру аясында 135 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Зардап шеккендерді қорғау, оларға қажетті әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету бойынша шаралар қабылданды.
Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі
Негізгі басымдық ықтимал қауіп-қатерлерді уақтылы анықтауға және жаңа қылмыстардың жасалуына жол бермеуге бағытталған. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және олардың қызметіне қатысу, оның ішінде трансұлттық сипаттағы қылмыстар бойынша 50 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда. Азаматтарды бопсалаудан қорғауға ерекше назар аударылуда. Полиция 440-тан астам осындай деректі анықтады. Олардың қатарында кәсіпкерлерге және білім беру ұйымдарына қатысты фактілер де бар.
ІІМ ең алдымен қылмыстардың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді уақтылы жоюға және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады.
Сабина Жолдаспаева