Фермерлерге қаржылай қолдау
Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға басымдық беру қажеттігін атап өтті. Бүгінде елімізде агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары кеңейіп келеді. Маусымдық егіс жұмыстарын қаржыландырудан бастап, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға, өнім өңдеу мен мал шаруашылығын дамытуға дейін түрлі бағытта жеңілдетілген қаржы бөлінуде.
Соңғы үш жылда Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне бөлінетін жеңілдетілген қаржы көлемі он еседен астам өсті. Мәселен, 2023 жылы бұл мақсатқа 140 миллиард теңге бағытталса, биыл 1,5 триллион теңгеге жеткен. Қаражаттың басым бөлігі көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарына бөлінеді. 2026 жылы осы науқандарды қаржыландыруға 750 миллиард теңге қарастырылған. Оның 665 миллиард теңгесі игерілді. Жеңілдетілген несие 7 миллион гектардан астам егіс алқабын қамтыды. Облыстық «Аграрлық несие корпорациясы» филиалының өкілдері бұл қолдаудың бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір артқанын айтады.
Қаржылай қолдау тек егін шаруашылығымен шектелмейді. Өнім өңдеу кәсіпорындары мен мал шаруашылығына да бөлінетін қаражат көлемі артып отыр. 2026 жылы осы салалардағы кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға 215 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның 121 миллиард теңгесі өнім өңдеу кәсіпорындарына, 94 миллиард теңгесі мал шаруашылығына бағытталады. Павлодар ауданындағы асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылық басшысы мемлекеттік қолдаудың арқасында жас кәсіпкерлерге де өз ісін бастауға мүмкіндік мол екенін айтады.
Серік Сүлейменов, Павлодар ауданындағы шаруа қожалығының басшысы
Егер өткен жылдарға көз жүгіртсек, 2002 жылы субсидия дегеннің не екенін де, мемлекет тарапынан қандай қолдау барын да білмейтінбіз. Шаруашылықты өз күшімізбен, ынта-жігеріміздің арқасында бастадық. Бүгінде сол еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз. Қазір жастарға мүмкіндік көп. Ақпараттық технологиялар дамыған, мемлекеттік қолдау бар. Жеңілдетілген несие алуға, лизинг арқылы техника алуға болады. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, жеке шаруашылық ашып, оны табысты дамытуға жол ашық.
Алдағы 2027 жылы да ауыл шаруашылығына көрсетілетін қаржылай қолдау жалғасады. Негізгі назар жеңілдетілген несиеге қолжетімділікті арттыруға, инвестиция тартуға, мал шаруашылығы мен өнім өңдеу салаларын дамытуға және өндірістік инфрақұрылымды жаңартуға аударылады.
Сабина Жолдаспаева