Негізгі Жаңалықтар Қырық жылдың құнды жазбалары

Қырық жылдың құнды жазбалары

Павлодарлық жазушы әрі журналист Юрий Поминов «Просто жизнь» атты жаңа кітабын оқырманға ұсынды. Кітаптың тұсаукесеріне зиялы қауым өкілдері, журналистика ардагерлері мен қоғам қайраткерлері қатысып, қаламгердің еңбегіне қатысты пікірлерін білдірді.


«Просто жизнь» - автордың көпжылдық еңбегінің қорытындысы. Бұл редактор жазбалары топтамасындағы он екінші кітап. Шығармада қырық жылға жуық уақыттың шежіресі мен сол кезеңнің маңызды оқиғалары қамтылған.

Юрий Поминов, кітап авторы, жазушы

Бұл кітапта облыс өміріндегі ең маңызды оқиғалар, Қазақстанның егемен ел ретінде қалыптасу кезеңі, әлемдік және жаһандық өзгерістер қамтылған. Сол оқиғалардың адамдарға қалай әсер еткені, олардың қалай қабылданғаны баяндалады. Кітапта өзіміздің жерлестерімізді қоса алғанда, жүздеген адамның өмірі мен тағдыры суреттелген. Бұл қызығы мен қиындығы, тіпті драмалық сәттері де аз болмаған кезең. Сол уақыттың адам тағдырына қалай әсер еткені көрсетіледі. Сондықтан бұл кітап мен үшін өте қымбат.

Жаңа туындыны әріптестері өңір тарихын кеңінен қамтыған құнды еңбек ретінде бағалайды. Журналистика ардагерлері кітаптың мазмұны мен жазылу тілін ерекше атап өтті.

Жасұлан Садықов, журналистика саласының ардагері

Бұл енді нақыл сөздері бар, естеліктері бар. Жалпы, халыққа деген сүйеспеншілігі сезіліп тұрады оқыған кезде. Тілі жетік. Оқуға да өте жеңіл. Осыны қазақшаға аударуға болады, адамдар табылатын шығар. Өте жақсы болар еді. Өйткені, өз төңірегімізді, тарихымызды, адамдарды осы кітап арқылы тануға болады. Құтты болсын деп айтқым келеді кітабына, аманшылық тілейміз.

Кітаптың мазмұнына тоқталған ардагерлер автордың елге деген сүйіспеншілігі мен өмірлік тәжірибесі әр бетінен байқалатынын айтады.

Мойылжан Қанаев, ауыл шаруашылығы саласының ардагері

Бұл кітапты оқып, біз тәлім, білім алуымыз керек. Сондықтан бұл өте қажет. Бұл 12ші кітап. Қанша еңбек жатыр. Кітаптың ішінде қаншама адамның ғұмыры жазылған. Барлығы жазылған. Сондықтан Юрий Поминов өте ерекше адам.

Кездесуге қатысқан өзге де зиялы қауым өкілдері еңбектің тарихи маңызына тоқталып, авторға ізгі тілектерін жеткізді. Олардың пікірінше, мұндай кітаптар өткенді танып, кейінгі ұрпаққа тағылым беретін құнды мұра.


Сабина Жолдаспаева




Бөлісу