Негізгі Жаңалықтар Павлодарда 16 қабатты үйде өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті

Павлодарда 16 қабатты үйде өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті

Павлодарда 16 қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде өрт шығып, зардап шеккен адамдарды автосатының көмегімен эвакуациялауға тура келді. Төтенше жағдай департаменті дәл осындай сценарий желісімен жаттығу жұмыстарын пысықтады. Мамандар оқиға орнында жедел көмек көрсетудің бірнеше тәсілдерін іс жүзінде тексерді. 

Павлодарда Назарбаев даңғылы, 52 мекенжайындағы 16 қабатты тұрғын үйде жоспарлы өрт-тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Шартты оқиға кезінде құтқарушылар өрт ошағын анықтау, оны оқшаулау және тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын орындады. Тек осындай жаттығулар ғана, өмірдегі қиындықтарға дайын болуға көмектеседі дейді мамандар.

Жаттығу барысында автосатының мүмкіндіктері де пайдаланылды. Оның көмегімен жоғары қабаттардан адамдарды төмен түсіру жұмыстары көрсетілді. Құтқарушылар баспалдақ арқылы және арнайы техниканың көмегімен эвакуациялау тәсілдерін тәжірибе жүзінде пысықтады. Сонымен қатар, ең жоғары қабаттарға жедел түрде су жеткізу тәсілдері де тексерілді.

Сонымен қатар, арнайы техниканы оқиға орнына тез жетуі үшін, жол беру, аулалардағы тұрақтардан өту мәселелері де қаралды. Мұндай оқу-жаттығулар өрт сөндіру бөлімшелерінің дайындығын арттырып, күрделі жағдайларда жедел әрі үйлесімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Сондықтан төтенше жағдай қызметтері түрлі сценарий бойынша дайындық жұмыстарын тұрақты түрде өткізеді. 

Дархан Бекишев


Бөлісу