Тұрғын үйдегі қауіпсіздік
Ертіс ауданы
Ертіс ауданының құтқарушылары профилактикалық акция аясында ауыл тұрғындарының үйлерін аралады. Мамандар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, жылыту құрылғыларын дұрыс пайдалану және пештердің жарамдылығын тексеру қажеттігін еске салды. Сондай-ақ тұрғын үйлердің қауіпсіздік жағдайына назар аударды.
Алдын алу шаралары кезінде құтқарушылар тұрғындарға өрттің негізгі себептері мен оның алдын алу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар үйлерге көміртегі тотығын анықтайтын арнайы датчиктер орнатты. Бұған дейін қойылған құрылғылардың да жұмысын тексерді. Мұндай датчиктер ауадағы улы газдың мөлшері көбейген жағдайда белгі беріп, тұрғындарды дер кезінде ескертеді. Акцияның мақсаты өрт оқиғалары мен көміртегі тотығынан уланудың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздік талаптарына жауапкершілігін арттыру. Әсіресе пешпен жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді.