Негізгі Жаңалықтар Әскердегі «Жайдарман»

Әскердегі «Жайдарман»

Әскерде саптық дайындық пен қатаң тәртіп қана емес, көтеріңкі көңіл күй мен әзіл-қалжыңға да орын бар. 5512 әскери бөлімінде күнделікті қызметтік тәртіп уақытша сахна төріне жол беріп, көңілді тапқырлар клубының байқауы өтті. Әскери қызметшілер салмақты жүздерін күлкіге алмастырып, армия өміріндегі қызықты сәттерді әзілге арқау етті. Көрермендердің қошеметіне қарағанда, қатысушылар көздеген мақсаттарына жеткендей.

Сахна төрінде шынайы әзіл, көпшілікке таныс оқиғалар мен командалық үйлесім көрініс тапты. Қатысушылар азаматтық өмір мен әскери қызметтің ерекшеліктерін ұштастыра отырып, тың қойылымдар әзірлеген. Әр команда көрерменді күлдіріп қана қоймай, талант пен әзілге бейімділіктің әскери шенге тәуелді емес екенін дәлелдеуге тырысты.

Байқауда «Шалдар емес» командасы ерекше көзге түсті. Жас қатысушылар жеңіске деген жігерін көрсетіп, басты жүлдені қанжығаларына байлады. Бірінші орын осы командаға бұйырды. Дегенмен, байқаудың басты нәтижесі тек марапаттармен шектелмейді. Сахнада әрбір қатысушы өзінің тың қырын танытуға мүмкіндік алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар жекелеген қатысушылар арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Қалған командалар да назардан тыс қалмай, ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Жас сарбаздар әзіл айтып қана қоймай, өнерлерін де көрсетті. 

Бұл байқау әскери қызмет жағдайында да шығармашылыққа, салауатты бәсекеге және шынайы күлкіге орын бар екенін тағы бір мәрте көрсетті. Өйткені кейде сәтті айтылған бір әзіл әскери ұжымды ең күрделі жаттығудан кем біріктірмейді.

Самал Қалиқызы



Бөлісу