Түнгі клубтарда бұзақылықтың екі фактісінің жолы кесілді
Өңірде құқық қорғау органдары бұқаралық демалыс орындарында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуде. Әсіресе түнгі ойын-сауық орындарына ерекше назар аударылады.
Мұндай жерлерде жанжал салдарынан төбелес және басқа да құқыққа қайшы әрекеттер жиі орын алады. Павлодар қаласындағы екі түнгі клубта полицейлер бұзақылық әрекеттердің екі фактісінің жолын кесті. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, ойын-сауық орындарына келушілердің қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Ведомство мәліметінше, полиция ойын-сауық орындарының әкімшіліктерімен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық тәртіп талаптарын сақтау, келушілерге бақылауды күшейту және жанжал жағдайларына уақтылы ден қою қажеттігін еске салады. Құқық қорғау органдары қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау нормаларын сақтауға, жанжалға жол бермеуге, төбелеске қатысудан аулақ болуға және кез келген оқиға туралы полицияға дереу хабарлауға кеңес береді.
Сабина Жолдаспаева