Аймағымыздың рухани қара шаңырағы Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры жаңа маусымын бастады. Театр көрермен назарына «Ұждан» қойылымын ұсынды. Толығырақ – тілшіміз баяндайды.

Театрдағы әр маусымның өз өмірі, қуанышы, жеңісі бар. Жүсіпбек Аймауытов атындағы театр биыл 35-маусымының шымылдығын түрді. Маусымның алғашқы туындысы болып Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармасы негізіндегі «Ұждан» спектаклі таңдалуы бекер емес. Ол‒ көрермендер арасында зор ықыласқа бөленген қойылым.

Руслан Нығманов, театр актері:

Бұл спектакльді алдымен көру керек, одан кейін ой түйіп қайтады. Бес адам көрсе, 5 адам 5 түрлі ой түйіп кетуі мүмкін. Егер қойылымды көрсеңіздер, мынадай сөз бар – «ар, ұят, ұждан болмағанда қалай болады екен?» дейді. Сонда ар мен ұяттың болмағанын ақырын тиіп-қашып көрсеткен кезде, ана сөз өзін ақтап тұр. Сондықтан, сонысымен қызықтыратын шығар, сонысымен терең ой салатын шығар.

 «Ұждан» спектаклі өнер ұжымы үшін ерекше болды. Өйткені қойылым экспериментті түрде басты рөлсіз, қала тұрғындары, халық арасында өтті. Осылайша көрерменге де айрықша әсерлі болды. Сондай-ақ бұл спектакль республикалық, халықаралық деңгейдегі жетістіктерге ие.

Бекнұр Дастан, театр актері:

 Бұл қойылым жақында Қазақстан Республикасы арасында өзіміздің 3 фестивальға жолдама алды. Бірінші – Қарағанды қаласында, одан кейін Талдықорған, содан кейін Петропавл қаласында. Ішінде ең үлкен гастроліміз тұр. Ресейде, Москва қаласында өтетін фестивальға жолдама алдық. Маусымыз жоғары деңгейде, жақсы деңгейде басалып жатыр.

 «Ұждан» қойылымы – адам бойындағы ар-намысты оятуға арналған философиялық шығарма. Оқиға заманауи көрерменге бейімделіп жазылған. Спектальдің сәтті шығуы үшін өз істерінің шеберлері бірігіп жұмыс жасады.

Әділет Ақанов, театрдың көркемдік жетекшісі:

Инсценировкасын жасаған – Нұркен Тұрлыбек. Бұл қойылым режиссері – Азамат Нығманов, Мәскеу қаласынан, суретшісі – Франциядан, Элли Раншэ, Париж қаласынан, пластика режиссері Мәскеуден Илья Подчезерцев, жарық суретшісі – Данияр Сатыбалдиев – Алматыдан. Осындай команда келіп жұмыс жасады осы спектакльге.

Шәкәрім Құдайбердіұлы философиясындағы адамдық негізге жетелейтін ізгі қасиеттерді театр әртістері шебер жеткізе алды. Спектакль соңында көрермен орындарынан тік тұрып әртістерге қошемет көрсетті. Бұндай ілтипат – актер еңбектерінің нәтижесі.

Жұлдыз Қабылденова