Кез келген кәсіп – маңдай тер, тынымсыз еңбектің жемісі. Ынтамен алға ұмтылып, жеке кәсіпті жігерлі түрде жетілдіріп отырғандар қаншама.Солардың қатарында Шарбақты ауданының кәсіпкер азаматтары бар.
Шарбақты ауданының тұрғыны, кәсіпкер Нұрланбек Керімбек жұртқа үлгі болуға, мақтан етуге, мақтауға лайық екені сөзсіз. Ол осыдан 2 жыл бұрын мемлекеттің көші-қон бағдарламасымен Оңтүстіктен қоныс аударады. Тағдыр тауқыметіне жасымай кәсіп бастайды. Тіршілігі – қаз шаруашылығы.
Қаз өсіру пайданың қайнар көзі. Іскер азамат қазір 2000 бас қаз асырайды. Оларды күтіп баптаудың өзі мол жұмысты талап етеді. Мәселен, 2000 бас қазға күніне 300 кг жем беріледі. Ал, олардың өнімі де сұранысқа ие. Кәсіпкер қаз етін облыс ішіне тасымалдаса, қазір Қостанай, Өскемен қалаларынан да 500 қаз етіне тапсырыс түскен екен.
Бүгінде кәсіпкердің тірлігі түлеп, ісі ілгерілеп келеді. Қысқасы, құс шаруашылығын құнттап, қыруар табыс көзі екенін жадымызға түйіп қойғанымыз артық емес.
Сүті сусын, еті тамақ, жүні киім осы бір түлік қадірлі болған соң, қазақ «мал өсірсең, түйе өсір, өнімі оның көл көсір» дейді. .Алайда, елімізде түйе шаруашылығымен санаулы өңір ғана айналысады. Солардың бірі Шарбақты ауданы, «Турбин» шаруақожалығы. Ойсылқара төлінен табыс табуды тұтастай меңгеріп келе жатқан жас кәсіпкердің мақсаты – мал басын көбейту.
Владимир Турбин, «ТУРБИН» шаруақожалығының басшысы:
Біз кәсіптің екі түрімен айналысамыз. Бірі дәнді-дақылдар өсірсек, және 225 бас жылқы, қой бар. Енді бірі түйе шаруашылығы. 2020 жылы интернеттен 2 бас түйе сатылымға шыққанын көріп қалдым, сосын бірден осында әкелдік, қазір 6 бас бар. Жоспарым көп, мәселен, базарларға түйе етін нарыққа шығарсақ дейміз, қазіргі уақытта ескі фермаға реконструкция жұмыстарын істеудеміз. Ақырындап құрылыс материалдарын әкеліп, жатырмын, көктемге қарай малға қолайлы, заман талабына сай жаңа орындар салсам деген жоспарым бар ,склейка, түйе өсіруде аса бір қиыншылық туындамады, өйткені олар құнарлы азық пен жылы қораны қажет ете қоймайды. Осындай жылы күндерде далаға шығарамыз, оның үстіне бұлар суыққа төзімді ғой. Әлі түбіті қалындайды, қыста да осылай далаға шығарамыз, тек түнде қауіпсіздік үшін қамап қойамыз
Жалпы, қай түлікті өсіремін десеңіз де мемлекет тарапынан пайызы төмен несие, мал басына берілетін субсидия да бар. Тек тынымсыз еңбектену керек.
Қымбат Садық