Келер жылдан бастап қазақстандық банктер жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары туралы деректерді беретін болады. Бұл туралы тольғырақ алдағы материалда.
Бүгінде мобильді аударымдар мен төлемдер халықтың өмірін біршама жеңілдеткені рас. Сатушымен есеп айырысу үшін қолма-қол ақша немесе банк картасын алып жүрудің қажеті жоқ. Тек смартфон болса, жеткілікті. Ал кәсіпкерлер банктерде ашылған жеке шоттарына сатылған тауарлар мен қызметтер үшін мобильді аударма арқылы ақы алады. Алайда, бұл аудармалар бақылау-касса машиналары мен пос-терминалды қолданбай, тіпті чек берілмей жүргізіледі. Анығында, бұл – заңбұзушылық және ол үшін ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Атап өту керек, қарапайым тұрдындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Келер жылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша ақпарат беруге құқылы болады. Егер үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар түскен жағдайда, кәсіпкер құзырлы органдардың жіті бақылауына алынады. Ал жақын туыстарыңыз, достарыңыз ақша аударып жатса ол үшін қам жемеуге болады.
Тиісті шара, заңсыз кәсіпкерліктің жолын кесу, пысықайлардың салықтан жалтаруына жол бермеу - салық органдарының ғана емес, әрбір адамның азаматтық борышы болуы тиіс.
Қымбат Садық