Елімізде су тасқынын жою, авариялық құтқару жұмыстары жалғасуда. Жалпы, тасқынмен күрес жұмыстарына 33 мың адам, 4000-нан астам техника жұмылдырылған. Толығырақ алдағы сюжетте.

Жұмылдырылған күштер мен құралдар 9 млн 700 мың текше метрден астам қар суын сорып шығарды. 2 млннан астам қапшық, 1 млннан астам инертті материал төселді. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 113 мың 867 адам, оның ішінде 39943 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 112 мың 539 ауылшаруашылық жануарлары қауіпсіз жерлерге айдалды.

ЕРАСЫЛ САЙПАШ, ҚР ТЖМ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕР КОМИТЕТІНІҢ АҒА ОФИЦЕРІ

Мемлекеттік материалдық резервтен Атырау облысына қосымша 81 тонна азық-түлік тауарлары, 158 тонна мұнай өнімдері , Батыс Қазақстан облысына 10 мың адамға арналған төсек-орын жабдықтары броннан шығарылды. Жалпы зардап шеккен өңірлерге автомобиль жолдары, теміржол, әуе кемелерімен 3290 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді

Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5732 жеке тұрғын үй, 1579 ауыл аумағы және 2035 саяжай үйлері дәл қазір су астында қалды. Айта кетейік, Павлодар облысында су тасқынының екінші кезеңіне дайындық жүріп жатыр. Оның аясында, 14 гидропост орнатылды. Және 64350 тонна инертті материал құйылып, 5650 дана қапшық төселді. Қосымша 24808 метр үйінді себілді. Ертіс өзенінің су деңгейі үнемі бақылауда. Ал, ауа райы болжамына сәйкес алдағы аптада кей өңірлерде жауын-шашын болады. Сондай-ақ, найзағай, дауыл, желдің күшеюі байқалады.

АЛИНА ИСМАҒҰЛОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ

Республиканың басым бөлігінде оңтүстік-оңтүстік-шығыс аудандарында қатты жаңбыр, еліміздің солтүстігінде түнгі сағаттарда жауын-шашын, көбінесе жаңбыр жауады

Бұдан бөлек, апаттан зардап шеккен азаматтарға психологиялық көмек көрсетіліп, жедел желі қызметі жұмыс істейді.

Қымбат Садық