Ақсу қаласындағы орыс хоры құрылғанының 40 жылдығына орай ерекше кеш өткізді. Хор ұжымы көрме ұйымдастырып, өлең оқып, сахнада ән шырқады. Шараға қатысып келген тілшіміз жалғастырсын.
Ақсу қаласының Славян орталығының «Родные надпевы» орыс хорын көпшілік сүйіп тыңдайды. Өнер ұжымы 40 жылдан бері сахнада. Осыған орай мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Онда әншілерді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары құттықтады.
ӘЙГЕРІМ ӘБЕНОВА, АҚСУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Өнер ұжымын осы 40 жылдығымен құттықтаймыз. Шығармашылық табыс тілейміз. Біздің хорды ақсулықтар ғана емес, республика деңгейінде де тыңдайды деп сенеміз. Қаламыздағы ешбір шара сіздерсіз өтпейді. Алғысымыз шексіз сіздерге.
Өнер ұжымының құрамында 20 адам бар. Олар хормен ән айтып қана қоймайды, сурет салып, өлең оқып, қолөнермен де айналысады.
ВАЛЕНТИНА КИСЕЛЕВА, «РОДНЫЕ НАДПЕВЫ» ОРЫС ХОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Былтыр «Туған қала» жобасында қатысып, екінші орын алдық. Соның арқасында біраз музыкалық аппараттарымызды түгендеп алдық. Біздің орыс хорына биыл 40 жыл толып отыр. Біздің ұжым тек қана ән айтпады, басқа да жобаларымыз бар. Ауыл аймаққа барып тұрамыз, қайырымдылық кештер өткіземіз.
Зейнеткерлік жасқа келген азаматтарда бос уақыт көп болады. Дәл осы кезде олар спортпен шұғылданып, өнерге қызығушылығы ерекше оянады. Сурет салып, өлең жазады. Сондай жандардың бірі - Анатолий Сосницкий хордың қырық жылдығына арналған шараға ат салысты .
АНАТОЛИЙ СОСНИЦКИЙ, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Өлең жазатыным рас, кейде тапсырыспен жазып беремін. Тақырыбын айтып берсе болды. Жас кезімде албырт сезіммен жазылған өлеңдер де бар. Портреттерім осында көрмеде қойылған.
Ақсу қаласының орыс хоры көрерменді таң қалдырудан жалықпайды. Әр жобаға ерекше дайындалып, естен кетпес көңіл күй сыйлайды.
Самал Қалиқызы