Соңғы кезде елімізде есірткі сатумен айналысып жүрген жастар жиі ұсталып жатыр. Олар жеңіл ақша табамыз деп, осылайша болашақтарына балта шауып жүр. Осы ретте профилактикалық мақсатта оқушылармен, студенттермен полицейлер, прокурорлар кездесу өткізді.
«Ерке Ертістің жағасында нашақорлыққа жол жоқ» атымен, қаламыздағы жоғары оқу орындарының бірінде студенттермен шара өтті. Басты мақсат жастардың есірткіні жасау, тасымалдау, сақтау сынды заңсыз іс-әрекеттерге бармауын алдын алу, болдырмау. Онда полицейлер мен прокурорлар статистикалық мәліметтермен, қылмыстық жауапкершіліктің болатынын айтты.
АЙТӨРЕ АЖИБАЕВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ
Жастардың көбісі осында қылмыстар үшін қандай жауапкершілікке тартылатынын білмейді. Сосын курьер болып, есірткі жүгін тасымалдап жатады. Заң бұл бағытта өте қатаң. Есірткіні, психотроптық заттарды жасау, сақтау, сатып алу, тасымалдаумен айналысқандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады.
Нашақорлық, есірткі тарату қоғамның дертіне айналды. Онымен күрес жан-жақты болғанымен, есірткі таратушылар әлеуметтік желіде емін-еркін жұмысын жасап отыр. Ол қармаққа жастардың түсіп қалатыны өкінішті.
ИСЛАМБЕК ӘЛЖАНОВ, БЛОГЕР
Мен өзім әке болғандықтан, есірткі мәселесі бүгінгі қоғамда маңызды деп ойлаймын. Проблема мектептерге де жетті. Телеграм канал арқылы ақша тапқысы келетін жастарды, оқушыларды, балаларды арбап отыр. Әлбетте олар басында даяшы, әкімшілік қызметтерін ұсынып кейін алдап алады. Жастар курьер болып ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатады.
Өз кезегінде жастар да бастарынан өткен оқиғалармен, сұраққа қатысты пікірлерімен бөлісті.
Самал Қалиқызы