Павлодар қаласында «Эльпида» грек этномәдени бірлестігі ғасыр бойы жұмыс істеп келеді. Осыған орай ұйым мүшелері өздерінің 25 жылдық мерейтойын ерекше атап өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген грек этносының өкілдері қатысты.
Кездесу Достық үйінің кең залында өтті. Мерекеге жиналған қонақтарды кіреберісте қазақ жеріне қоныс аударған грек халқының бай мәдени және тарихи мұрасын бейнелейтін архивтік құжаттар мен сирек кездесетін фотосуреттерден құралған көрме қарсы алды. Шараға барлығы 36 адам қатысты.
ЛЮДМИЛА ИФАНДОПУЛО, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ГРЕК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Понти гректерінің тарихи отаны бұл-- Кіші Азия. Кейін Қара теңіз арқылы патшалық Ресейге қоныс аударды. Олар негізінен Краснодар өлкесі, Ставрополь аймағы мен Кавказдың кейбір аймақтарында, сондай-ақ Грузия мен Әзербайжанда өмір сүрді. Ал біздің ата-бабаларымыздың барлығы Краснодар өңірінен шыққан.
Сталиндік репрессия жылдары гректер Ресейден қуғындалып, осылайша Қазақстанға көшіп келді. Бүгінде бұл этнос өкілдері әртүрлі қауымдастықтарға бірігіп отыр. Олардың орталықтары Алматы, Шымкент, Тараз, Атырау, Теміртау және Павлодар қалаларында орналасқан.
АНАСТАСИЯ ТАЙЛАХИДИ, «ЭЛЛАДА» ГРЕК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ (АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ)
Бізді өте жылы қарсы алды. Шара экскурсиядан басталды. Мен Достық үйіндегі қызметкерлердің белсенділігіне таңқалдым. Әр кабинетте қарқынды жұмыс жүруде. Мұнда өз үйіңдей жайлы және жылы атмосфера сезіледі. Павлодарлық әріптестерімізге, яғни «Эльпида» ұжымына, гүлдену мен табысты жол тілеймін.
Экскурсиядан кейін грек қауымдастықтарының өкілдері дөңгелек үстел өткізді. Олар «Эльпиданың» атқарған жұмыстарына қорытынды жасады. Мерекелік кеш концертпен жалғасты.
Сабина Жолдаспаева