Тәуелсіздік жылдары елімізде бірлікті нығайту мақсатында маңызды жобалар жүзеге асырылды. Солардың бірі -Достық үйі. Бұл мекеме этностар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуда ерекше рөл атқарып келеді. Бүгінде Достық үйінің шаңырағында 24 этномәдени орталық табысты жұмыс істеп жатыр.
Тәуелсіздік жылдарының жетістігі ретінде елімізде бейбітшілік пен келісімнің символына айналған Достық үйін ерекше атап өтуге болады. 2008 жылы есігін айқара ашқан мәдени-сауық орталығы бүгінде қаланың сәулеттік келбетін көріктендіріп, жұрт тамашалап, сүйсінетін ғимаратқа айналды.
ЮЛИЯ СТРЕЛЬЧУК, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ БАС МАМАН-КОНСУЛЬТАНТЫ (1995-2011 ж.ж.)
Біз бұл үйдің жоспарына қатысып, хореография, вокал, жиналыс және концерт залдары қажет екенін жеткіздік. Ұсыныстарымыз қолдау тауып, Достық үйі салтанатты түрде ашылды. Әлі есімде ашылу салтанатына басқа өңірлер мен облыс аудандарынан көптеген қонақтар келді.
Этномәдени орталықтардың белсенді жұмысы арқасында ұлттар достығының жарқын үлгілері көрініс тапты. Ассамблея мүшелері «Қазақша ән саламыз», «Өнегелі ұрпаққа тәрбие», «Аялы алақан» сынды мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асырып қана қоймай, ел арасында қазақ тілін үйренуге арналған «Үйде сөйле» сияқты маңызды бастамаларды да тегін ұсынып отыр.
НҰРИЯ КӨБЕНОВА, ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ БАСШЫСЫ
Достық үйінде тек мәдени шаралар өтпейді. Біздің мамандар әдістемелік көмек көрсетеміз. Жоба сценарий жасаған да әріптестерімізбен әр этномәдени бөлімшелерге жағдай жасап береміз. Үлкен жобалар асырылып жатыр.
Достық үйі-ел бірлігін нығайту жолында маңызды орталық. Мұнда жүзеге асырылып жатқан жобалар болашақ ұрпаққа рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Сабина Жолдаспаева