Коммуналдық қызмет тарифтері мен бағаның негізсіз өсуін реттеу қажет. Премьер-министр Олжас Бектенов жылдың 11 айын қорытындылап, жауапты министрлерге осындай тапсырма берді. Әлем ерекше экономикалық кезеңді бастан кешіп жатқанда арқаны кеңге салар шақ емес. Үкімет инфляция өсімін тежеу үшін қандай шара қабылдады? Ел экономикасының биылғы көрсеткіші қандай?

2024 жыл аяқталуға жақын. Жыл соңына қарай Үкімет әдеттегідей 11 айдың қорытындысын шығарды. Ұлттық экономика министрінің есебінше, биыл экономикамыз 4,4%-ға өскен. Оның 70 пайызы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда, транспорт салаларына тиесілі.

  НҰРЛАН БАЙБАЗАРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ

Үздік көрсеткіштер Қарағанды, Жетісу, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстарында байқалады. Бұл ретте Атырау, Ақмола, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында инвестициялардың айтарлықтай төмендеуі байқалады.

Үкімет бюджет түсімі мен шығынынын да есептеді. Бюджет бүйірін толтыру үшін биыл Ұлттық қордан 5,3 трлн теңге алғанын білеміз. Соған қарамастан, Ұлттық Банк төрағасы Қазақстанның халықаралық резервтері ұлғайғанын айтады. Қорда қазір 60,8 млрд доллары жатыр. Ал қазынаға 2 трлн теңге түспей қалған. Осылайша, жоспардың 10 пайызы орындалмаған. Бұған импорт көлемінің азайып, экспортқа шығарылатын тауарлардың арзандауы себеп. Сәйкесінше, салық түсімдері 27 пайызға азайды.

ЕРЖАН БІРЖАНОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мемлекеттік бюджетке 19 трлн. теңге түсті немесе жоспар 90%-ға орындалды. Жоспардың орындалмауы салықтар бойынша түсімдердің азаюына байланысты болды, ол 76%-ға атқарылған.

Ал инвестиция тарту экономиканың негізгі қозғаушы күші. Олжас Бектенов осы ретте инвесторлардың проблемаларын бірден реттеп, шешімін табу керектігін айтты.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Өздеріңіз білетіндей, мұнай секторында тұрақсыздық сақталуда. Биыл 2 млн тонна мұнай өндірілді. Соған қарамастан, отандық экономика шикізаттық емес сектордың есебінен өсіп келеді. Бұл экономиканы әртараптандырудың арта түскенін көрсетеді.

Отырыс соңында Олжас Бектенов Энергетика министріне табиғи газ бен мұнай өндіру көлемін арттыруды жүктеді. Себебі, биыл тау-кен өндірісі көңіл көншітпейді. Сондай-ақ, министрлер мен әкімдерге бөлінген қаражаттың толық әрі уақтылы игерілуін ерекше бақылауға алуды тапсырды.