Успен ауданы Тимирязев ауылының тұрғындары үшін бүгін қуанышты күн. Көп жылдан бері күткен медициналық пункт қолданысқа берілді. Толығырақ Самал Қалиқызы айтсын.

Успен ауданының Тимирязев ауылында 240-тан астам адам тұрады. Басы ауырып, балтыры сыздаған жергілікті тұрғындарға бұрын әкімдіктің ғимаратында орналасқан медициналық кабинетте көмек ұсынылатын. Енді жағдай жақсарды, жаңа медициналық пункт есігін айқара ашты.

АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Біздің өңірімізде осындай 30 медициналық нысан бой көтеруде. Соның біреуі сіздің өңірде. Құттықтаймын. Баршаңызға құтты болсын.

Жаңа медициналық пункт замануи, барлық стандарттарға сай. Жобаға 130 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Медициналық пунктте жалпы тәжірибедегі дәрігер, медбике мен санитарлық маман жұмыс істейді.

РИНАТ АШЖАНОВ, УСПЕН АУДАНДЫҚ АУРУХАНА БАСШЫСЫНЫҢ М.А.

Тимирязев ауылының тұрғындары енді алғашқы көмек түрлерін алады. Медициналық пунктке инфузиялық шприцті сорғы алынды. Сондықтан түрлі инъекциялар салынады. ЭКГ аппараты, физиотерапия кабинеті, екі физио аппараты бар. Осы аппараттардың барлығын тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін пайдаланамыз.

Ауыл тұрғындары осы ретте алғысын жаудырды. Елдімекеннің күн санап көркейіп келе жатқанына қуанып отыр.

ҚАНАПИЯ БАЙБОЛОВ, ТИМИРЯЗЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Медпункт ашылғанына бәрі қуанып жатыр. Бұрын біреу ауырса ауданға баратын. Онда барса тағы кіре алмай. Жолы қандай еді. Қазір енді тамаша. Үлкендер ауырса бірінші келіп, осында келіп емделіп.

НҰРТАЙ МҰСАҒҰЛОВА, ТИМИРЯЗЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Мен көп рахмет айтам осы медпункттің ашылғанына. Қазір енді осы жақсы болсын. Ауылымыз көркейе берсін. Осы сіздерге бәріне рахмет осы медпунктті ашып жатқанына.

Жалпы Успен ауданында «Ауылдағы денсаулықты жаңғырту» бағдарламасы аясында биыл 5 медициналық нысан бой көтерді. Жылдың соңына дейін Ковалевка, Қозыкеткен, Ольгино, Қаратай ауылдарындағы медициналық пункттер де ашылып, ел игіліне пайдалануға беріледі.

Самал Қалиқызы