Қазақстан халқы Тәуелсіздік күнін атап өтті. Ән мен би, көңілді шаралардан гөрі Егемендік жолында құрбан болған жандарды еске алуға, тағзым етуге баса мән берілді. 16-желтоқсан күні павлодарлықтар қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Тәуелсіздікке жету жолында қазақ талай нәубетті бастан кешірді. Азаттықтың ақ таңына халқымыз қалай жеткенін өскелең ұрпақ білуі тиіс. Биыл Қазақстан тәуелсіздігін алып, егеменді ел атанғанына 33 жыл.
БЕЙБІТ ШӘНІМ, Ж. АЙМАУЫТОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
Егеменде елімізде, бүгінгі Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Төбемізде желбіреп тұрған көк туымыз биікте желбірей берсін. Жастарымыз рухты, намысты болсын. Жігерлі, білімді болсын. Елдің бірлігі, татулығы әрқашанда биікте болу керек. Сондықтан Қазақстан елінде тұрып жатқан қай ұлттың баласы болмасын бірлікте жақсылықта болғанын өз басып тілер едім. Ел аман жұрт тыныш болсын.
Азаттық кез-келген халық, ұлт үшін ұлы ұғым. Әсіресе қазақ халқына өте қасиетті. Егенмендік бір күнде, бір сәтте келе қойған жоқ. Осы жолда от кешкен ұлттың ұландары аз емес. Жиналған қауым әуелі олардың рухын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Тәуелсіздік мерекесін аста – төк тоймен емес, бимен емес, әнмен емес еске алумен өткізу керек. Зиялы қауым өкілдер және өңір басшылығы қуғын-сүргін құрбандары ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Тәуелсіздік - біздің басты байлығымыз. Оны көздің қарашығындай қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы.
Әйгерім Тоқпанқызы