Павлодарда республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңі басталды. Оқушылар 15 пән бойынша бақтарын сынайды. Биылғы білім додасының ерекшелігі жайлы тілшіміз айтады.

Облыстық пән олимпиадасы биыл қаламыздағы №35 мектепте өтіп жатыр. Өңіріміздің барлық аудан, қалаларынан 750-ге жуық оқушы білімін сынауға келді. Олардың қатарында Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияның 10-сынып оқушысы Ақерке Игілік те бар.

АҚЕРКЕ ИГІЛІК, Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ

Құқық негіздері пәні бойынша олимпиадаға қатысамын. Осы жылдың алдында тағы бір рет қатысқанмын. Құқыққа қатысып жатырмын, өзіме ұнайды. Және болашақ мамандығым құқықпен байланысты. Кітаптармен көбінесе пайдаланбаймын. Конституциялармен, Кодекстермен дайындаламын.

Дәстүрлі республикалық олимпиада төрт кезеңнен тұрады. 15 пән бойынша оқушылар білім додасында сыннан сүрінбей өтуге тырысады. Биылғы олимпиаданың ерекшелігі, тапсырмалар қиындай түскен.

АЗАМАТ ШАЙМҰРАТ, «ЕРТІС ДАРЫНЫ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Биылғы ерекшелік қарап отырсақ, тапсырмалар әсіресе биология пәні бойынша өте күрделі. Бір балаға 26 беттен келетін тапсырма беріліпті. Тапсырмалар биология пәні бойынша түрлі-түсті болып келеді. Молекулалар бейнесі салынған, формулалар келтірілген.нақты қандай деп айта алмаймыз, бірақ балалармен сұхбаттасқаннан кейін белгілі болады.

Облыстық олимпиада 2 турдан тұрады. Екінші кезеңде көбінесе практикалық тапсырмалар орындалады. Қатысушылар арасында ағылшын тілі бойынша бағын сынауға келгендер басым екен.

АЗАМАТ ШАЙМҰРАТ, «ЕРТІС ДАРЫНЫ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Бүгін негізі бірінші тур. Ертең 2-ші тур өтеді. Кейбір пәндер физика, химия пәндері бойынша практикалық турлар бар. Жалпы облыстық кезеңнің жеңімпаздары республикалық сынға қатысады. Республикаға қатысуға квоталарымыз бар, квотадан тыс қатысатын тыс балалар бар. Сондай-ақ, жуырда өткен ауыл олимпиадасының жеңімпаздары да республикалық этаптан бірінші орын алған балалар республикалық кезеңге квотадан тыс қатысады.

Сонымен, республикалық олимпиадаға қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша 37 бала, жаратылыстану-математика пәні бойынша 40-қа жуық оқушы қатысады деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, республикалық олимпиада наурыз-сәуір айларында еліміздің бірнеше қаласында өтеді.

Самал Қалиқызы