Облыс орталығындағы жедел басқару орталығына күрделі жөндеу жүргізілді. Жаңарудан өткен нысан енді «орталық-облыс-қала-аудан" бірыңғай жүйесі бойынша жұмыс істейді. Басты мақсат, қоғамдық тәртіпті нығайтын, жедел әрекет ету. Толығырақ тілші әңгімесінде.
Жедел басқару орталығының жұмысы енді жүйелене түседі. Заманға сай бірнеше LED экран орнатылды. Сондай-ақ, 117 жаңа камера сатып алынды. Ал бұдан бұрын шаһарға бақылау жүргізген бейнеқұралдар қаланың басқа аумағына орнатылды. Олардың саны 2 есеге ұлғайған. Бұдан бөлек, Smart city жүйесінің 5622 камерасы қосылды. Онда онлайн режимде патрульдер картасы көрсетілген. Жаңа жүйе арқылы өңір, қырағы көз, камералардың бақылауында болмақ.
ВЯЧЕСЛАВ ИПАТОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Шақырту түскен кезде біз онлайн режимінде қандай патруль сол мекен жайға жақын орналасқанын көре аламыз. Яғни, ең жақын кезекші көлікті шақыртуға жөнелтеміз. Бұл өте тиімді және шұғыл әрекет етуге сеп. Модернизацияның арқасында жедел басқару орталығындағы камералар саны 117-ден 234-ке дейін, яғни, екі есеге өсті. Біз одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Smart City жобасы бойынша бейне аналитика, яғни бет әлпеті арқылы адамның аты-жөнін, ол туралы деректер анықтай аламыз. Smart City арқылы 5 622 камера бар.
Сондай-ақ бірыңғай басқару және мониторинг платформасы іске қосылды. Автоматты режимде камералар 360 градус айналып, қажет болған жағдайда белгілі бір бөліктерді жақындата немесе алыстата алады. Барлық кезекші бөлімдер автоматтандырылған. Жаңартылған орталықпен аудандық және қалалық полиция бөлімшелері байланыста. Бейнеконференция жүргізу үшін де кең, керек құралдармен қамтылған зал бар. Айта кетейік, былтыр сыртқы бақылау камераларының көмегімен көшелер мен қоғамдық орындарда жасалған 210 қылмыс және 8000 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың ізі суымай ашылды.
Әйгерім Тоқпанқызы