Павлодар қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ақша бопсалаған қылмыстық топты ұстады. Олар жүйелі түрде жастарды қорқытып, кәмелет жасқа толмағандарды қылмыстық әрекеттерге тартқан.

Осындай жағдайлар өзге қалаларда да тіркелген. Былтыр полиция қызметкерлері 500-ден астам бопсалау қылмыстарын анықтады. Қылмыскерлер жастарды қорқытып, ақша талап еткен. Полиция қызметкерлерің құқық қорғау органдарына жүгіну қылмыстың жолын кесудің ең сенімді тәсілі екенін айтады.

ҚУАНДЫҚ АЛПЫС, ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ

Петропавл қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері үш адамнан тұратын топты ұстады. Фигуранттардың біреуі бұрын бірнеше рет сотталған. Күдіктілер жергілікті тұрғынды заңсыз қамауда ұстап, ұрып-соғып, ақша боспалаған. Жамбыл облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері шаруа қожалығының басшысынан 800 мың теңге ақша бопсалаған күдіктілерді ұстады. Тінту барысында олардан шолақ мылтық пен оқ-дәрі тәркіленді. Көбінесе қылмыскерлер қорқыту арқылы ақша бопсалаған. Мұндай факт Алматы қаласында анықталған. Онда жедел іс-шаралардың нәтижесінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы 4 азаматты ұстады. Олар жергілікті тұрғыннан беделін түсіретін бейнематериалдарды таратпағаны үшін 40 млн теңге талап еткен.

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі бопсалаушы қылмыстық топтарды анықтау және ұстау бойынша жұмыстарын жалғастыруда.

Сабина Жолдаспаева