Павлодарлықтар жылу энергиясының қымбаттағанына шағымданып отыр. Түбіртектердегі соманы қарасақ, бағаның шынымен өскенін байқауға болады. Бұған «Павлодарэнерго» не дейді? Тілшіміз айтсын.

Өткен желтоқсан айында күн жылы болды. Соған қарамастан жылу беруші компанияны аязды күндері беретін параметр жіберген көрінеді, себебі өткен жылдың соңғы айы үшін келген түбіртектерде жоғарылатылған сомалар көрсетілген. Әлеуметтік желіде тұрғындардың жіберген хабарламаларында 2 бөлмелі пәтер үшін 8000 теңге, 3 бөлмелі пәтер үшін 10 мың теңгеден аса төлеу керек делінген. Тұрғындар бұндай қымбаттауды компания немен байланыстырып отыр дейді?

Қараша айы үшін 14 мың теңге төледім. Желтоқсан айына 18 мың теңге келді. Шынымды айтсам, түбіртекте бәрі түсініксіз. Қалай есептейді, немен есептейтіні мүлдем түсініксіз. Жертөлеге жылу энергиясы үшін есептегіш қойдық, сәйкесінше аз төлеуіміз керек. 2 бөлмелі 40 шаршы метрлік пәтер үшін 8 мың теңге келді. Одан да көп деуге болады.

Менде екі бөлмелі пәтер үшін 8115 теңге шықты. Өткен айда 1000 мың теңгеге аз келген еді. Зейнеткерлер үшін өте көп, азайту керек деп ойлаймын.

Әр сайын кішкене көтеріледі. Бірақ мен үшін бұл қалыпты. Үйім екі бөлмелі. Мен бұл соманы көп деп санамаймын.

Ал, «Павлодарэнерго» АҚ желтоқсан айына келген түбіртектердегі соманы былай түсіндірді.

ЕКАТЕРИНА БАЙЖҰМАНОВА, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ

2024 жылдың желтоқсан айында тариф 2024 жылдың қараша айындағыдай болды. Жылу энергиясын есептейтін жалпы үйішілік құрылғыларды қойған тұтынушылар шығынының өсуі тәуліктік ауа температурасының өскенімен байланысты. Мәселен, қарашада орташа тәуліктік температура -3.57 градус болса, желтоқсанда -9,61 градус болды. Одан бөлек, қарашада 30 күн, желтоқсанда 31 күн болды. Егер тұтынушылар жылу энергиясының есептелген сомасымен келіспесе, «Павлодарэнергосбытқа» немесе 903-309 нөміріне хабарласа алады.

Ұлттық статистика бюро мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда коммуналдық қызметтердің тарифтері бір жылда едәуір өсті, әсіресе, жылу бағасы айтарлықтай көтерілді. 2024 жылдың қыркүйек айында бұл қызметтің құны 5,2 мың теңге болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 29,9%-ға жоғары.Сонымен қатар бір жыл ішінде суық су 23,5%-ға, ал ыстық су 23,8%-ға қымбаттады. Жыл басынан бері ауызсу құны 15,6%-ға өсіп, бір текше метрге 87,48 теңгеге жетті, ал ыстық судың бағасы 7,3%-ға қымбаттап, бір текше метрге 419 теңге болды.Электр энергиясының тарифі де өсті, 2023 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 22%-ға көтеріліп, қазір 21-35 теңге аралығында. Жыл басынан бері баға шамамен 12%-ға өсті. Міне, 2025 жылы осындай өзгерістер бізді күтіп тұр.

Самал Қалиқызы