Павлодар облысы су тасқыны кезеңіне тиянақты түрде дайындалуда. Су тасқыны қаупі бар деген Ақтоғай, Ертіс және Павлодар аудандары тексеріліп, күштер мен құралдардың, арнайы техникалардың дайындығына тексеру жүргізілді.
Әсіресе Ақтоғай ауданы облыс басшылығы мен ТЖД тарапынан ерекше бақылауда. Жыл сайын су басу қаупі аумағына кіретін Шолақсор ауылының айналасында биіктігі 2 метрге дейін жететін 8,3 км қорғаныс бөгеті жасалғандығы айтылды. Ауылдың кіреберіс жолында 5 су өткізгіш құбыр жұмысқа дайын.
ҚАРШЫҒА АРЫНОВ, АҚТОҒАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
2024 жылы Әуелбек, Жаңабет, Жамбыл ауылдарының айналасында биіктігі 2,5 метрге дейін жететін бөгеттер тұрғызылды. 30 бірлік арнайы техника дайындалды. Қыс мезгілінің басынан бастап ауданның елді мекендерінен 1260 тонна қар шығарылды, жұмыстар әлі де жалғасуда
Өткен жылы су тасқынынан зардап шеккен Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында ауқымды инженерлік жұмыстар атқарылды.
Сондай-ақ, ауданды аралау барысында Басқамыс-Қарақоға-Шұға-Жолболды автожолындағы Шұға ауылының маңындағы 8 су өткізу құбырының және 2024 жылы Жолболды-Шілікті автожолында орнатылған 3 су өткізу құбырының жай-күйі тексерілді. Сонымен қатар, Ертіс ауданының Ұзынсу, Тоқта ауылдарының су тасқыны қаупі бар учаскелерін қарап, арнайы техниканың су тасқыны кезеңіне дайындығы тексерілді. 70 бірлік техника бар, осы кезеңде жұмыс істеу үшін барлық күштер мен құралдар жұмылдырылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов апта сайын метеорологиялық жағдайға мониторинг жүргізуді, су тасқынынан болатын залалдың алдын алу бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырды.
Жанасыл Серікбол