Қыстың қақаған аязды күндері қоғамдық көлік күтіп тұрған жолаушыға жылы аялдамалар ауадай қажет. Бүгінде Павлодар қаласында 12 аялдама орнатылған. Оның төртеуі кәсіпкерлердің есебінен пайда болды.

Өткен жылдың аяғына қарай Малайсары батыр көшесіндегі №41 ЖОББМ, Торайғыров көшесі бойындағы «Отау» сауда үйі және Қамзин көшесіндегі «Керуен» сауда үйінде жылы аялдамалар орнатылды. Олардың құжаттамалары рәсімделіп, енді іске қосылды.

АНАР СҮЛЕЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ

Бізде барлығы 12 аялдаманың 4-уі кәсіпкердің есебінен. 7-еуі бюжет есебінен орнатылған. Қала әкімдігіне тиісті аялдамалар коммуналды сервис қызметінің құзырында. Мына Малайсары батыр көшесіндегі жылы аялдамада жылыту, жарықтандыру және электрмен жабдықтау жүйелері, сондай-ақ кондиционерлермен қамтылған. Телефонды қуаттауға болады және бейнебақылау камералары бар. Оған қоса павильонның сауда бөлігі бар, мұнда кәсіпкер келісімшарт арқылы жұмыс істей алады

Сақылдаған аязда жол бойындағы жолаушыға қиын-ақ. Сондықтан тұрғындар мұндай павильондардың маңызы зор екендігін айтады.

ӘЛИЯ ҒҰСМАНОВА, ПАВЛОДАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Аялдама өте керек нәрсе, жақсы болды. Біз районный больницаға келеміз мына жердегі областной. Соған мына жерде жылы, жақсы боп тұр, рахмет көп

ДИАНА ӘБІЛХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Мұндай аялдамалар автобус күтетіндер үщін өте қолайлы. Өйткені мына жерде мектеп, аурухана бар, адамдар көп жүреді. Сондықтан ішіне кіріп, жылынуға болады. Осындай жылы аялдаманың көп болғаны жақсы ғой

Аялдамалар жыл сайын жаңарады. Бұл павильондарға да қыруар қаражат жұмсалды. Қала тұрғындары өз кезегінде ортақ мүлікке барынша сақ болу қажет.

Қымбат Садық