Металлургтер күнін Майқайың жұртшылығы айрықша атап өтті. Әлібетте, ауыр да, адал еңбекте қайнап жүрген жандарға құрмет көрсетілді. Біздің түсірілім топ тереңнен қазына тауып, елге құт дарытып жүрген еңбеккерлердің қуанышына куә болып қайтты.
Бұл күні майқайыңдықтардың жүзі жарқын болды. Күлкісі көпке естілді. Расымен де биылғы мереке металлургтерге көп қуаныш әкелді. Атаулы күнді тойлауға «Алтыналмас» АҚ ат салысты. Шараға барлық еңбеккерлердің отбасы жиналды. Осылайша қуаныш көппен бірге тойланды.
Темірлан Мәдиев, «Алтыналмас» АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің жетекші маманы
«Майқайыңалтын» акционерлік қоғамын сатып алған уақытта бері ең үлкен ауқымды шара өтуде. «Алтыналмас» акционерлік қоғамы металлургтер күнінде осындай мейрам ұйымдастыруда. Балаларға да, үлкендерге де арналған бағдарлама әзірленді. Ең үздік мамандарды марапаттаймыз. Сонымен қатар, кешкі шоу бағдарлама, отшашу жоспарланған.
Барлығы ресми рәсімнен басталды. Бас директор құттықтау сөз сөйлеп, одан кейін үздік қызметкерлер марапатталды. Арнайы номинациялар табысталды. «Металлургия аңызы», «Болашақтың инженері», «Цех жүрегі» сияқты өзге де номинациялар берілді. Ұйымдастырушылар бұл жай әдемі сөз, әшейін марапаттау ғана емес, нағыз талант пен күнделікті еңбекті мойындау екендігін жеткізді.
Мерекелік бағдарлама үлкендердің де, кішкентайлардың да көңілінен шықты. Балалар үшін ойындар, тәттілер және көңілді жарыстар бар анимациялық аймақ ұйымдастырылды. Ересектерге шоу-бағдарлама ұсынылды. Онда этно-фольклорлық нөмірлер, қызықты би кеші болды. Шара соңы от шашуға ұласты.
Қымбат Шахметова, «Майқайыңалтын» АҚ қызметкері
Баршасын металлургтер күнімен құттықтаймын. Комбинатымыз гүлдене берсін. Жұмысы алға бассын! Ешқашан тоқтамасын! Ауылымыз да өркендеп, жаңа құрылыстар салынсын.
Бұл күні ауысымда болғандар үшін де мерекелік бағдарлама әзірленді. Оларға арналып бөлек мерекелік дастархан ұйымдастырылды. Өйткені нағыз қамқорлық тек сөз емес, әр адамға деген шынайы көңіл.
Марина Байгузина, «Майқайыңалтын» АҚ қызметкері
Барша әріптестерімді осынау мейраммен құттықтаймын. Сондай қуанып тұрмын. Оның себебі өздеріңіз көріп тұрғандай мерекелік көңіл-күйдің әсері. Бәріне денсаулық, еңбектеріне береке тілеймін. Жұмысымыз алға баса берсін. Еңбегімді елеп құрмет көрсетіп жатқандары үшін алғысым шексіз. Кәсіпорынға тигізген пайдамды ескерген басшылыққа рахмет! Бәріне мереке құтты болсын!
Майқайыңдықтар «Алтыналмас» АҚ басшылығына ілтипат, қамқорлық және шынайы ықыласпен ұйымдастырылған мереке үшін ерекше алғыс білдіреді. «Майқайыңалтын» АҚ компаниялар тобының құрылымына жақында қосылғаныны белгілі. Соған қарамастан, қызметкерлер өздеріне деген құрмет пен сыйластықты терең сезінуде.
Жанасыл Серікбол