Балалардың қатысуымен болған жол апаттарының саны артқан
Жыл басынан бері өңірде 585 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал, оның қаншасына бала зардап шекті? Жалпы, балалардың жол қауіпсіздігіне ең алдымен кім жауапты? Бұл туралы баспасөз мәслихатында айтылды. Әріптесім тарқатады.
Облыста жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл 585 жол апаты тіркелген, бұл — өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 24 жағдайға аз. Жалпы статистика жақсарғанымен, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны, керісінше, артқан.
Әсел Сүлейменова, ҚР бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің прокуроры
Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен 185 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде мұндай апаттар саны 161 болған. Осылайша, балалардың қатысуымен болған жол апаттары 24 оқиғаға артқан. 225 бала түрлі дене жарақатын алды, ал былтыр бұл көрсеткіш 204-ті құраған еді. Әрбір ауыр зардап келтірген оқиға жеке қаралып жатыр. Өкініштісі — биыл жол апатынан 6 бала қаза тапты. Өткен жылдың осы кезеңінде 3 бала көз жұмған. Әрбір қайғылы оқиғаның мән-жайы мен себептері жан-жақты тексеріліп, заң аясында тиісті шаралар қабылдануда. Ал сараптама нәтижелері қосымша алдын алу жұмыстарын күшейтуге бағытталады. Қайтыс болған 6 баланың үшеуі көлік жолаушысы болса, қалған үшеуі — жаяу жүргіншілер. Олар — 6 мен 17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер.
Қала көшелері, республикалық тас жолдар мен көлік көп жүретін қауіпті аумақтардың да ерекше бақылауда болуы қажет. Бала өлімімен аяқталған қайғылы жағдайлардың көбі, яғни 6 деректің төртеуі жазда болған. Сондықтан жыл бойы, әсіресе, жазғы демалыс кезінде балалардың жол қауіпсіздігін сақтауын қатаң қадағалау керек.
Әсел Сүлейменова, ҚР бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің прокуроры
«Особое внимание уделяются безопасности детей... Балалардың қауіпсіздігіне, әсіресе, олардың мектепке барар жолында, аулаларда, білім ошақтарының маңында және жаяу жүргіншілер өткелдерінде ерекше назар аударылуда. Жолаушы балалардың қауіпсіздігі де аса маңызды. Тіркелген жол-көлік оқиғаларының бірінде кәмелетке толмаған баланың арнайы балалар ұстағыш құрылғысыз тасымалданғаны анықталды. Бұл жайт — балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет екенін көрсететін қатаң ескерту.»
«Әрбір жол-көлік оқиғасының себептері мен мән-жайы арнайы тергеу арқылы жан-жақты зерделенеді. Бұл ретте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектептер мен ата-аналар ғана емес, жүргізушілер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де бірлесіп әрекет етуі қажет», - деді мамандар.
Жұлдыз Қабылденова