Ақсулық жастар экологиялық акцияға қатысты
Табиғатты қорғау үлкен бастамалардан ғана емес, қарапайым әрекеттерден басталады. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ақсу қаласында жастар қоршаған ортаның тазалығына үлес қосып, «Jasyl Vibe» экологиялық шарасына қатысты. Игі бастама аумақты абаттандырып қана қоймай, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды. Арнайы Ақсуға барып, шараға куә болып қайтқан тілшіміз тарқатсын.
Іс-шара Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өтті. Сенбілікке 30-дан астам адам қатысты. Жастар ортақ мақсат жолында бірігіп, белгіленген аумақты тазалап, абаттандыру жұмыстарына атсалысты. Қатысушылар қоқысты жинап, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етуге өз үлестерін қосты.
Дарья Узингер, ерікті
Бүгін біз «Таза Қазақстан» акциясына қатысып жатырмыз. Бұл жерде қоқыс аз емес екен. Мен өзім де таза қалада өмір сүріп, достарыммен серуендегенде айналаның таза әрі көрікті болғанын қалаймын. Сондықтан қаламыздың тазалығын сақтауға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек деп ойлаймын.
Бірлескен жұмыстың нәтижесінде аумақтан 30-дан астам қап қоқыс шығарылды. «Jasyl Vibe» акциясы жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, табиғатты қорғау мәселесіне қоғамның назарын аударуға мүмкіндік берді.
Арина Краскова, «Jasyl el» Павлодар қалалық штабының командирі
Ақсу қаласында қоқысты бөлек жинауға арналған арнайы жәшіктер де бар. Біз жиналған қоқысты түріне қарай бөлек жинап, кейін сұрыптаймыз. Алдағы уақытта «Жасыл крос» атты ауқымды экологиялық шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл қатысушылар жүгіріп жүріп, қоқыс жинайтын жарыс. Сонымен қатар экологиялық сенбіліктер мен түрлі акцияларды жалғастыра береміз. Облыс тұрғындары осындай шараларға белсенді қатысып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға атсалысса дейміз. Әр адам тазалық пен тәртіпке жауапкершілікпен қарауы маңызды.
Мұндай сенбіліктер алдағы уақытта да экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жастарды қоғамдық жұмыстарға тартуға және туған жерге деген жауапкершілікті арттыруға бағытталады.
Сабина Жолдаспаева