Негізгі Жаңалықтар Евгеньевка ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды

Евгеньевка ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды

Ақсу өңірінде өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтіле түсті. Евгеньевка ауылында 242-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Бұл жаңа өрт сөндіру бекеті бірнеше елдімекенді өрттен қорғайды. Ауыл қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шараға ең алдымен тұрғындар қуанып отыр. Алдағы материалымызда.  


Бұл нысан төрт ауыл мен Ақсудың екі шағын ауданының қауіпсіздігіне жауапты болады. Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылу рәсіміне Павлодар облысы ТЖД бастығы Рүстембек Әмірин, облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов, Ақсу қаласының әкімі Әнуарбек Аманов, сондай-ақ ведомствоның жеке құрамы мен ардагерлері қатысты. 

Серік Төленбергенов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары

«Бұл бекеттің іске қосылуы — ең алдымен, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Жаңа бекет Евгеньевка, Үштерек, Сольветка және Еңбек ауылдарын, сондай-ақ Ақсу қаласының Черемушки және Беловка шағын аудандарын қамтып, 3790 тұрғын мен 20 кәсіпкерлік нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жаңа бекет ел игілігіне қызмет етіп, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етсін. Қызметкерлерге жауапты да абыройлы еңбектеріңізге табыс тілеймін! Баршаңызға зор денсаулық, амандық, тыныштық пен береке тілеймін!» 

Заманауи үлгіде жабдықталған өрт сөндіру бекетінде төрт бірдей қызметкердің еңбек етуіне барлық жағдай жасалған. Нысан қажетті құрал-жабдықтармен ғана емес, озық цифрлық технологиялармен де толық қамтылған. Өз кезегінде ауыл тұрғындары мұндай оң өзгеріске дән риза.

Ізбасар Усинов, Евгеньевка ауылының тұрғыны

«Бүгінгі меркелі күн ерекше. Ауылымызда осындай тамаша өрт сөндіру пункті ашылып жатыр. Халықтың игілігі үшін, болашағы үшін жасалып жатқан тамаша заттарымызға өте қуаныштымыз. Жүректері сондай ауылға ашып тұрған адамдарға мың алғыс айтамыз. Бұған көмек жасап жатқан облыс әкіміне, қала әкіміне және ауылымыздың шаруа қожалықтарына мың алғыс! Ауылымыз гүлдей берсін, көркейе берсін, биіктен көріне берсін!» 

Игі бастаманың жүзеге асуына үлес қосып, белсенділік танытқан шаруа қожалықтарының өкілдері мен Ақсу қаласының өрт сөндірушілері назардан тыс қалмады. Оларға Төтенше жағдайлар министрлігі мен облыс әкімінің арнайы ведомстволық наградалары табысталды.

Жұлдыз Қабылденова 



Бөлісу

Аймақтық телеарналар