Негізгі Жаңалықтар Еңбекке тең мүмкіндік

Еңбекке тең мүмкіндік

Әлеуметтік желіде жұмыспен қамтуды сұраған Павлодар тұрғыны Мадина Абдығазизованың мәселесі шешілгендей. Мансап орталығы жеке емханамен бірлесіп, зағип жанға көмек қолын ұсынатын болды. Жалпы өңірде мүгедектігі бар қанша адам жұмысқа орналасқысы келеді? Мүикіндік қаншалықты? Толығырақ Самал Қалиқызы баяндайды.  


Мадина Абдығазизова – бірінші топтағы мүгедектігі бар, көру қабілетінен толық айырылған жан. Соған қарамастан, ол Тараз қаласындағы оқу орындарының бірінде «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша білім алып, дипломын алған. Алайда мамандығы мен білімі бола тұра, Мадинаға жұмысқа орналасу оңай болмай тұр. Кейбір ұйымдар оның мүгедектігіне байланысты жұмысқа қабылдауға асықпайтын көрінеді. 

Мадина Абдығазизова, Павлодар қаласының тұрғыны

Мен жұмыс істегім келеді. Мен массажист болып істегім келеді. Мен жарнама беріп, үйлерге барып массаж жасаймын. Бірақ мен кәдімгі медициналық мекемеде жұмыс істегім келеді. Мына поликлиника, санаторийде жұмыс істегім келеді. Мен үйде отырғым келмейді. Грант бойынша оқығанмын, әрекет жасағым келеді.

Мадина қазір Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген. Алайда оның айтуынша, әзірге бұл бағыттан нақты нәтиже болмаған. Жұмыс табуға ниетті ол өздігінен де ізденіп, профилакторийлерді, санаторийлер мен емханаларды аралап, мамандығы бойынша еңбек етуге мүмкіндік сұраған.  

Мадина Абдығазизова, Павлодар қаласының тұрғыны

Сол айтады, өкінішке орай сізді жұмысқа ала алмаймыз. Өйткені орталықта арнайы орны керек екендігін айтты дейді. Тефло компекс, компьютер. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. 

Мансап орталығының басшысының айтуынша, кейіпкерімізге «Арнайы жұмыс орындары» бағдарламасы аясында қолдау көрсету жоспарланып отыр. 

Евгения Кузякина, емхана өкілі

Бізге Павлодар қаласындағы мансап орталығынан Мадина Кенжеевнаны жұмысқа орналастыру бойынша мамандар жүгінді. Бізде клиника басшылығы келісімшартқа отыруға дайындық үстінде. Осылайша аталмыш азаматшаны жұмыспен қамтитын боламыз. 

Мадинаның дипломы оның еңбек етуге деген талпынысының айғағы. Ендігі мәселе – оған қабілеті мен біліміне қарай мүмкіндік беріліп, қоғамда өз орнын табуына жағдай жасау.

Қарлығаш Асаимова, Павлодар қаласы мансап орталығының директоры

«Арнайы жұмыс орын» бағдарламасы аясында мансап орталығы жұмыс берушімен шартқа отырады. Облыс әкімдігінен 300 АЕК қаржы бөлініп, сол қаражатқа жұмыссыз келіншек қажетті аппараттарын, құрал жабдықтарын сатып ала алады. Оған қосымша субсидияланған жалақы да төленеді. 

Павлодар қаласында мүгедектігі бар 185 адам жұмыссыз ретінде есепте тұр. Жыл басынан 54 –і тұрақты, 12-сі субсидияланған жұмыс орындарымен қамтылды. Ал, «арнайы жұмыс орны» бағдарламасы аясында осы жылы 4 жұмыссызды еңбекке орналастыру жоспарланған еді. Қазір екі адам жұмысқа кіріп үлгерген.   

Самал Қалиқызы



Бөлісу

Аймақтық телеарналар