Павлодарда өзін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар анықталды. Олар кәсіпкерлерге «тексерістен құтылуға көмектесеміз» деп ақша талап еткен. Төтенше жағдайлар департаменті бұл әрекеттердің заңсыз екенін айтып, тұрғындарды мұндай адамдарға сенбеуге және бірден полицияға хабарлауға шақырады.

Үш кәсіпкер алаяқтардың қармағына түсе жаздаған. Бөтен адамдар азаматтық киіммен келіп немесе WhatsApp арқылы хабарласып, жалған құжаттар мен логотиптерді көрсеткен. Кейін олар өрт қауіпсіздігі бойынша қызмет көрсетуді ұсынады.

Қайрат Шаймарденов, Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары

«Кез келген бизнес нысаны жоспарлы түрде тексеріледі. Ал алаяқтар осыны пайдаланып, “өрт сөндіргіштерді қайта зарядтау”, “дабыл жүйесін тексеру” сияқты қызметтерді ұсынады. Өздерін рейдке шыққан инспекторлармыз деп таныстырады. Кейде: “Қазір тексеру болады, бірақ белгілі бір сома берсеңіз, мәселені шешіп береміз” деп алдайды».

Құтқарушылардың айтуынша, мұндай жағдайлар бұған дейін біздің өңірде тіркелмеген. Қазір прокуратура және полициямен бірлесіп, жалған инспекторларды анықтау және ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қайрат Шаймарденов: Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары

Осындай жағдайға тап болған кезде 101 немесе 112 нөміріне хабарласуды сұраймыз. Біз полициямен бірге дереу шара қолданып, кінәлілерді жауапкершілікке, қажет болса — қылмыстық жауапқа тартамыз. Ең бастысы — егер біреу өзін инспектор деп таныстырса, міндетті түрде қызметтік куәлігін көрсетуді сұраңыз. Кәсіпкерлік субъектілерінің басшылары бұл бағытта барынша сақ болғаны жөн.

Құтқарушылардың айтуынша, барлық ресми тексерістер тек бекітілген жоспар бойынша өтеді. Сонымен қатар, нысан иелері алдағы тексеріс туралы кемінде 30 күн бұрын ресми түрде хабарлама алады.

Әйгерім Тоқпанқызы