Павлодар қаласында салынып жатқан заманауи ипподром құрылысы осымен үшінші жылға созылып барады. Себебі, мердігер компания өзіне жүктелген міндетті орындауға қауқарсыз.

Тек қана Ерті-Баян өңірі емес, еліміздің бірнеше аймақтарында бюджет қаржысына құрылыс жүргізу тендерлерін ұтып алған аты шулы «Градстройсервис» серіктестігі қазір соттан сотқа тартылуда.

Мақпал Қаржаубай, Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы

Мердігер ұйым келісім-шарт талаптарын орындамағандықтан 2025 жылғы 22 мамырда келісім-шарт бұзылды. Осыған байланысты сот кабинеті ақпараттық жүйесі арқылы «Градстройсервис» мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап арыз жіберілді

Жақында бұрынғы мердігерден қалған 163 млн.теңгені игеру бойынша қайта конкурс өткізілді. Қазір құрылыс жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтап, келер жылдың мамыр айында ипподром ашылатын болады. Негізі Павлодарда осыдан небары 10 жыл бұрын жаңа ипподром салынған болатын. Кімге жақпай қалғаны белгісіз, қаланың бас жоспарына түзету жасап, дайын иподромның орнына жаңа шағын аудан салу жөнінде шешім қабылданады. Бірақ экологиясы нашар өндірістік аумақта тұрғын үй салуға облыстық прокуратура рұқсат бермеді.

Сәкен Талғат, Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы

-Басқа ипподром болмаған себепті қазіргі таңда «Құлагер» ипподромында жарыстар өткізіп жатырмыз. Өйткені, қазіргі таңда Павлодар облысында басқа мүмкіндіктер болмаған себептен. Келесі жылдан бастап «Құлагер» ипподромында ешқандай жарыстар өткізілмейтін болады.