Эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен қатар, қала күніне орай орталық жағалауда ашық форматтағы шахмат турнирі ұйымдастырылды. Бұл зияткерлік сайыс әртүрлі жастағы жүзге жуық шахмат сүйер қауымның басын қосты.
Турнир өтетін күні ауа райы қатысушыларға қолайлы әрі жайлы болды. Бұл сайыс орталық жағалауда серуендеп жүрген көпшіліктің назарын бірден өзіне аударды. Тартысты ойындарды қызықтаған тұрғындар да өз қабілетін сынап көруге мүмкіндік алды.
Кіші топ сайыскерлерінің қатарында мектеп оқушысы НалИна ШакАя да бар. Ол шахмат ойынымен төрт жасынан бастап таныс, дегенмен арасында үзілістер де болған. Оған қарамастан, жас таланттың бұл зияткерлік ойынға қызығушылығы әлі де жоғары.
Налина Шакая, Павлодар қаласының тұрғыны
«Төрт жасымнан бастап шахмат ойнаймын. Бірақ бірнеше рет үзіліс алдым. Ал мамыр айынан бастап қайта айналыса бастадым. Турнир өте ұнады. Қатысушылардың арасында мықтылары да, осалдау қарсыластар да болды. Сайыс ерекше эмоция сыйлады.»
Ал зияткерлік ойынның ересектер санатында бақ сынағандардың бірі –Сейітботал Успанов. Оның пікірінше, ардагерлер үшін мұндай жарыстың басты мақсаты – жеңіске жету емес, жастарға үлгі көрсете отырып, шахмат спортында жас шектеуінің жоқ екенін дәлелдеу.
Сейітботал Успанов, Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі
Бұл сайысқа оқушылар да, ардагерлер де қатысып жатыр. Жастар – біздің болашағымыз, бүгін қатысушылар арасында да олардың саны көп. Ардагерлердің қатары азырақ болғанымен, біз жас буынға шахматтың қызықты әрі өте пайдалы ойын екенін үлгі етіп көрсетуге тырысамыз.»
Сайыс соңында әр санаттағы үздіктер ақшалай жүлделер, диплом мен естелік сыйлықтарға ие болды.
Жұлдыз Қабылденова