Павлодар қаласының туған күні биыл да кең көлемде аталып өтті. Мерекелік шараның шарықтау шегі Ертіс жағалауында ұйымдастырылған гала-концерт болды. Кешке облыс тұрғындары ғана емес, еліміздің әр өңірінен және көршілес қалалардан келген қонақтар да қатысты. Жағалауға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Мыңдаған адам сүйікті өнерпаздарының өнерін тамашалап, мерекелік көңіл күйге бөленді.


Биылғы концерттің техникалық дайындығына ерекше көңіл бөлінді. Бас сахнаның дыбыс және жарық жүйесі жаңартылып, LED-экрандардың сапасы жақсартылды. Сонымен қатар жоғарғы алаңға қосымша екі LED-экран орнатылды. Соның арқасында концертті сахнадан алыста тұрған көрермендер де еш қиындықсыз тамашалады.

Мерекелік кештің шымылдығын қазақстандық әнші Диана Исмаил ашты. Ол өзінің танымал әндерін орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Концерттің алғашқы минуттарынан-ақ мерекелік көңіл күй ерекше сезілді. Көрермендер сүйікті әндерін бірге шырқады.  

Одан кейін сахнаға ресейлік әнші Доминик Джокер көтерілді. Оның көпшілікке жақсы таныс өлеңдері жағалауда жиналған көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әншімен бірге жұртшылық та әндерді қосыла орындады.

Кештің көркін халықаралық деңгейде танымал Fly Project би тобы жалғастырды. Энергияға толы қойылымдар мен ырғақты әндер көрерменді бір сәтке де бейжай қалдырмады. Мыңдаған адам би билеп, мерекенің ерекше атмосферасын сезінді.

Көпшілік асыға күткен өнерпаздардың бірі «Ирина Кайратовна» тобы болды. Заманауи қазақстандық музыканың жарқын өкілдері сахнаға шыққан сәтте жағалаудағы көрерменнің қошеметі ерекше естілді. Жастар ғана емес, түрлі жастағы тұрғындар да топтың танымал әндерін бірге орындап, концерттің ең әсерлі сәттерінің біріне айналдырды.

Кеш барысында әнші Ильхам да өнер көрсетіп, әсерлі әндерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік кештің басты қонағы әнші LOBODA болды. Оның сахнаға шығуын көрермендер ерекше күтті. Жағалауға жиналған мыңдаған адам әндерді қосыла айтып, концерт соңына дейін ерекше көңіл күйде болды. 

Бірнеше сағатқа созылған мерекелік концерт соңында аспан түрлі-түсті отшашумен көмкерілді. 

Биыл Павлодардың құрылғанына 306 жыл толды. Осы уақыт ішінде қала өндірісі өркендеп, мәдениеті мен рухани өмірі дамыған ірі өңірлік орталыққа айналды. Қала күніне арналған мерекелік шаралар павлодарлықтардың бірлігін, туған қалаға деген сүйіспеншілігін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Мереке тұрғындар мен қонақтардың жарқын әсерімен есте қалды.


Сабина Жолдаспаева