112 күннен кейін «Ертіс» футболшылары жеңіске жетті. Премьер-лиганың 19-туры аясында павлодарлық команда Жезқазғанда жергілікті «Ұлытаумен» кездесті.
Кездесудің алғашқы минуттарында алаң иелерін алға шығаруға Давид Кармона мүмкіндік алды. Алайда ол «Ертістің» сапындағы дебюттік ойынын өткізген қақпашы Богдан Сарнавскийден айласын асыра алмады.
Ал матчтың 18-минутында «Ұлытау» қақпашысы Дмитрий Непогодов қақпадан шығу кезінде қателік жіберді. Павлодарлықтардың капитаны Руслан Юденков допты командаласы Марко Евтичке ыңғайлап берді.
Бұдан кейін Богдан Сарнавский алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Хироки Хараданың гол соғуына мүмкіндік бермеді.
Алайда 38-минутта «Ұлытау» ойыншысы Давид Анане павлодарлықтардың қақпасының тоғыздығына дәл соққы жасап, есепті теңестірді.
Дегенмен бірінші таймға қосылған уақыттың алғашқы минутында Сағи Малиқайдардың нәтижелі пасынан кейін «Ертістің» вингері Жан-Морель По маусымдағы бесінші голын соқты.
Екінші таймның басында осы эпизодта Рамазан Кәрімов Давид Ананеге қарсы ереже бұзғандай көрініп, төреші пенальти белгіледі. Бірақ VAR жүйесі арқылы эпизодты қайта қарап шыққаннан кейін шешім өзгертіліп, пенальти күшін жойды.
Күнтізбеге сәйкес «Ертіс» бұл ойынын Павлодар қаласының күніне орай өткізді. Осылайша команда 4 сәуірден бергі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Марат Еслямов, «Ертіс» ФК бас бапкері
«Ертістің» барлық жанкүйерлерін көптен күткен жеңіспен құттықтағым келеді. Павлодар қаласын Қала күнімен құттықтаймын. Бұл – командамыздан қалаға жасаған шағын сыйымыз. Алға қарай жылжи береміз, енді тек жеңістер күтеміз. Жеңіс үшін еңбек ете береміз. Барлығы жақсы болады деп ойлаймын. Бүгінгі матч алдындағы қойған міндеттерімізді толық орындаған жігіттерге алғыс айтқым келеді. Олардың жанкештілігі үшін де рақмет. «Ұлытауға» қарсы ойнау өте қиын. Бұл команда, құрамында жоғары деңгейдегі ойыншылар бар. Бірақ бүгін біздің жігіттер жеңіске деген зор жігерін көрсетті. Өздері де жеңісті қатты сағынған еді. Баршаңызды жеңіспен құттықтаймын!
Жеңіске қарамастан, павлодарлықтар турнир кестесінің соңғы сатысында қалып отыр. Команда 14-орыннан 4 ұпайға қалып келеді. ХХ тур аясында 1 тамыз, сенбі күні «Ертіс» өз алаңында Ақтаудың «Каспий» командасын қабылдайды.