Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Омбы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен өткен Қазақстан мен Ресейдің жиырма екінші өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі. Өңір басшысы Павлодар облысының көлік-логистикалық және өнеркәсіптік әлеуетін таныстырып, тиімді географиялық орналасуы, Ресей Федерациясымен 700 шақырымнан асатын мемлекеттік шекарасы және заманауи көлік инфрақұрылымының дамуы өңірді Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың маңызды орталықтарының біріне айналдырып отырғанын атап өтті.
Жиынға көршіліес екі елдің де мемлекет басшылары қатысты. Пленарлық отырыста сөз алған Қазақстан президент өңірлердің іс жүзіндегі ықпалдастығы екіжақты күн тәртібінің мазмұнын байытып, Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының қарқынды дамуына тың серпін беріп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Ресей Қазақстанның басты инвестициялық серіктестерінің бірі ретінде соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына 30 миллиард доллардан астам қаржы салғанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан республикасының президенті
Бүгінгі таңда мемлекеттеріміздің қарым-қатынасы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Ол – мемлекеттер басшыларының, үкімет жетекшілері мен жергілікті билік басшыларының, сондай-ақ екі ел парламенттерінің ортақ күш-жігерінің нәтижесі. Менің былтыр қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым мен Президент Владимир Путиннің биыл мамыр айындағы елімізге мемлекеттік сапары бұл тұрғыда тарихи мәнге ие. Қос сапардың қорытындысы бойынша қол қойылған Мемлекетаралық қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларация, сондай-ақ Достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме елдеріміздің алдағы ондаған жылдардағы жасампаз ынтымақтастығы мен өсіп-өркендеуіне берік негіз қалады. Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы барлық бағытта нығайып келе жатыр деп толық сеніммен айтуға болады. Ресей – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы 28 миллиард долларға жуықтады. Ортақ күш-жігердің арқасында бұл көрсеткіш ұдайы өсіп келеді: биылғы бес айда өзара сауда-саттық көлемі былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жуық артты.
Ресеймен тікелей шекараласып, жоғарыда президент айтқан көрсеткіштерге қол жеткізуге үлес қосқан облыстардың бірі Павлодар. Көрші елдің Новосібір, Омбы облыстарымен және Алтай өлкесімен іргелес. Жиында облыс әкімі Асайын Байханов та сөз алып, өңірдің көлік-логистикалық және өндірістік әлеуетін таныстырды.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Біздің облыс Ресейдің үш облысымен шектесе отырып, Орталық Азия және Қытай мемлекеттерін байланысытарытн маңызды аумақ. Құрлық, әуе, теміржолдармен қатар, су жолы да дамыған. Екібастұз қаласында президентіміздің тікелей тапсырмасымен әуежай іске қосылмақ. Ресейлік кәсіпкерлерге тек осындай логистикалық мүмкіндіктерімізбен қатар, өнеркәсіптік әлеуетіміз жайында да айта кеткім келеді. Бүгінде Павлодар облысы Қазақстандағы өнеркәсіп өнімінің 7% өндіреді. Өңірде еліміздегі алюминийдің 100%, көмірдің 60%, ферроқорытпаның 58% және электр энергиясының 40% өндіріледі. Осылайша облыс республиканың ірі индустриялық өңірлерінің бірі ретіндегі мәртебесін сақтап келеді.
Өңір басшысы халықаралық «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізін дамытуға ерекше назар аударды. Өзен логистикасының тиімділігін арттыру мақсатында Павлодар өзен портында қосымша айлақтың құрылысы аяқталды. Ертіс өзенінде көлемі 1,2 млн текше метрден асатын түбін тереңдету жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар «Атамекен-Ертіс-Русская Поляна» автокөлік жолына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар форумның іскерлік бағдарламасы аясында Павлодар облысының өкілдері тақырыптық панельдік сессияларға қатысып, халықаралық кооперация мәселелері, көлік дәліздері мен инфрақұрылымдық жобаларды, су көлігі бағыттарын дамыту, Ертіс өзеніндегі экологиялық әріптестікті нығайту және екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мәселелерін талқылады.