Павлодар қаласындағы Атамекен кентінің тұрғыны Ислам Мұңайтпасов ерекше қажеттілігі бар жас. Ол аутизм диагнозымен өмір сүрсе де, шығармашылыққа ерекше қызығушылық танытады. Ислам бірнеше жылдан бері комикс суреттерін салып, өз кейіпкерлеріне түрлі оқиғалар ойлап табады. Оның еңбектері жақында жеке жинақ болып жарық көрді. Бұл оның шығармашылығын көпшілікке танытуға жасалған алғашқы қадам.


Ислам 9 сыныпты үйден оқып аяқтаған. Қазір ол 20 жаста. Алғашында қарапайым дәптерге сурет салған жасөспірім кейін арнайы мобильді қосымша арқылы цифрлық сурет салуға қызыға бастайды. Соңғы үш-төрт жылда комикс жанрына ден қойып, өз оқиғаларын салып жүреді. Әсіресе иттерді жақсы көретін Ислам олардың бейнесін жиі салады әрі басты кейіпкер ретінде қолданады.

Мадина Жақыпбекова, ерекше баланың анасы

Аутизмі бар балалар адамдарды жануарлармен байланыстырып қабылдайды. Ислам да әр адамды белгілі бір жануармен салыстырады. Мені патша кобрасы, әкесін қасқыр, қарындастарын балық, қоян және кесіртке деп атайды. Өзін итпен байланыстырады. Менің мақсатым ерекше балалардың да қабілеті бар екенін көрсету. Оларды шеттетпей, мүмкіндігін бағалау керек. Исламның сүйікті кейіпкері Шерлок Холмс. Тіпті өзін сол кейіпкермен бірге шахмат ойнап отырған бейнеде де салған. 

Исламның қызығушылығы тек суретпен шектелмейді. Ол робототехника үйірмесіне қатысып, түрлі жобалар жасаған. Ән айтқанды ұнатады, естіген әнін тез жаттап алады. Қыштан бұйым жасаумен де айналысқан. Сонымен қатар ас әзірлеуге қызығады. Анасының айтуынша, Ислам цифрлық форматта сурет салғандықтан, кейбір үйірмелер оны қабылдамады. Соған қарамастан ол өз бетінше жаңа кейіпкерлер ойлап тауып, олардың қатысуымен түрлі оқиғалар құрастырады. Комикстер жинағы жарық көргенде ерекше қуанып, кітапты үнемі жанынан тастамай алып жүреді.

Мадина Жақыпбекова, ерекше баланың анасы

Ислам бұрыннан иттер туралы комикс кітабын армандайтын. Екі-үш жыл бойы ондай кітапты таба алмадық. Кейін әріптесіммен ақылдасып, оның өз суреттерінен арнайы жинақ шығаруды ұйғардық. Нәтижесінде қызықты кітап пайда болды. Қазір екінші бөлімін дайындауды жоспарлап отырмыз. Мен адамдар ерекше балалардың да үлкен жетістікке жете алатынын көрсе деймін. Болашақта осындай балалардың шығармашылығын дамытуға арналған мүмкіндіктер көбейсе екен. 

Исламның оқиғасы ерекше балалардың да өз қабілеті мен таланты бар екенін көрсететін жарқын мысал. Қолдау мен сенім олардың шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде жас автор жаңа комикстерін дайындап жатыр. Ал оның алғашқы кітабы отбасы үшін ғана емес, ерекше балалардың мүмкіндігін қоғамға танытатын маңызды бастамаға айналды.


Сабина Жолдаспаева