Қала күні қарсаңында дәстүрге айналған «ERTIS Sound» көше музыканттарының байқауы өтті. Ертіс жағалауында күн сайын өнер көрсетіп жүрген дарынды орындаушылар бір сахнада бас қосты. Байқау жеңімпаздарын қазылар алқасы анықтап, барлық қатысушыға ақшалай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.


Ертіс жағалауы бұл күні үлкен концерт алаңына айналды. Күн сайын жанды музыка шырқалатын орында екінші рет көше музыканттарының байқауы ұйымдастырылды. Биыл оған 18-ден астам орындаушы қатысты.

Айнагүл Сәрсенбаева, Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы

Бүгін дәстүрлі көше музыканттарының байқауын өткізіп жатырмыз. Іс-шара Қала күні қарсаңында ұйымдастырылды. Байқау Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің қолдауымен өтуде. Бұлардың барлығы Ертіс жағалауында күн сайын өз өнерін халыққа ұсынып жүрген талантты жастар.

Байқау өтетін орын да кездейсоқ таңдалмаған. Бұл сахна бүгінде шығармашыл жастардың тұрақты өнер көрсету алаңына айналған. Ол өткен жылы орнатылып, биыл Қала күніне орай жаңартылды. Соның арқасында орындаушыларға қолайлы жағдай жасалды. Байқауға қызығушылық жыл сайын артып келеді. Қатысушылар танымал әндермен қатар өз туындыларын да орындады.

Ерғанат Ермұхамбет, байқау қатысушысы

Көше музыкасымен айналысып жүргеніме сегіз жыл болды. Байқауда Батырхан Шүкеновтің «Қайран көңіл-ай» әнін орындаймын. Бұл әнді бұрыннан жақсы көремін.

Бірі үшін бұл байқау үлкен сахнада алғаш рет өнер көрсету мүмкіндігі болса, енді бірі үшін тәжірибе алмасып, өзге орындаушылардың шығармашылығымен танысуға жақсы мүмкіндік. Қатысушылардың көбі бірнеше жылдан бері Ертіс жағалауында өнер көрсетіп келеді. Сондықтан оларды тұрақты көрермендер жақсы таниды.

Александра Мороз, байқау қатысушысы

Көше музыкасымен айналысып жүргенімізге екі жылдай болды. Ертіс жағалауында және Жастар бастамаларын дамыту орталығында өнер көрсетеміз. Байқау туралы таныстарымыздан естідік. 

Ажар Сәдуақасова, байқау қатысушысы

Біз «Әлем» тобының «Күйім» әнін орындаймыз. Жақсы көңіл күй сыйлап, жаңа тәжірибе жинаймыз деп үміттенеміз.

Қатысушылар көрермендерді тек вокалдық өнерімен ғана емес, аспапта ойнау шеберлігімен де таңғалдырды. Олар гитара, домбыра және өзге де музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен өнер көрсетті.

Ілияс Жұмабеков, байқау қатысушысы

Ертіс жағалауында екі-үш жылдан бері өнер көрсетіп жүрмін. Ұйымдастырушылар өздері хабарласып, байқауға шақырды. Басқа көше музыканттарының өнерін тыңдауға жақсы мүмкіндік болады деп ойлаймын.

Қатысушылардың өнерін шығармашылық сала мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Олар орындаушылардың дауысын ғана емес, әртістік шеберлігін және көрерменмен байланыс орната білуін де назарға алды.

Осы күні Павлодар туралы үздік бейнеролик түсірген мобилографтар да марапатталды. Байқауға қатысушылар қаланың көрікті жерлерін смартфонмен және дронның көмегімен түсірілген бейнероликтер арқылы таныстырды. Үздік жұмыстардың авторларына ақшалай сертификаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Айнагүл Сәрсенбаева, Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы

Бүгінде Павлодар еліміздегі тартымды қалалардың біріне айналып келеді. Әсіресе Ертіс жағалауы тұрғындар мен қонақтардың сүйікті демалыс орнына айналды. Осыған байланысты мобилографтар арасында да байқау жарияладық. Дронмен де, смартфонмен де түсірілген көптеген сапалы жұмыстар келіп түсті.

Байқауға қатысқан барлық көше музыканттарына ақшалай сертификаттар мен Павлодар қаласы әкімінің арнайы сыйлықтары табысталды. Жалпы жүлде қоры 700 мың теңгені құрады. Ұйымдастырушылар мұндай байқаулар жас таланттарды қолдап, олардың шығармашылығын дамытуға серпін береді деп есептейді.


Сабина Жолдаспаева