Павлодар қаласы кезекті рет киберспорт жанкүйерлерінің басын қосты. Өңірдегі ең ірі турнирлердің біріне Орталық Азия елдерінен 260 команда қатысты. Олар чемпиондық атақпен қатар 15 миллион теңге жүлде қоры үшін бақ сынады. Ал көрермендерге танымал өнерпаздардың қатысуымен шоу-матчтар мен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Бірнеше күнге созылған турнир барысында командалар іріктеу кезеңдерінен өтті. Финалға ең мықты екі команда ғана жолдама алды. Жарысқа әртүрлі жастағы әрі тәжірибесі әрқилы ойыншылар қатысты. Солардың бірі – Павлодардың тоғыз жасар тұрғыны. Ол ересек ойыншылармен тең дәрежеде өнер көрсетіп, киберспортта таланттың жасқа қарамайтынын дәлелдеді.
Мадияр Дәулетов, турнир ұйымдастырушысы
Шоу-матчқа «Ирина Кайратовна» тобы толық құрамымен, Иманбек пен Трувер қатысып жатыр. Сондай-ақ Павлодар қаласының әкімі Хасар Айтпекұлы да ойынға қосылды. Ол бұл турнирді өткізуге қолдау көрсеткен азаматтардың бірі. Шоу-матч көрермендердің қызығушылығын арттырып, ерекше көңіл күй сыйлау үшін ұйымдастырылды. Биылғы турнирге Орталық Азияның түкпір-түкпірінен 260 команда қатысты. Соның ішінде тек екі команда ғана финалға шықты.
Турнир тек тартысты ойындармен ғана шектелген жоқ. Қонақтарға мазмұнды ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды. Ұйымдастырушылар киберспортты музыкамен және көрермендермен еркін қарым-қатынаспен ұштастырып, мерекелік көңіл күй қалыптастыруға басымдық берді.
Мадияр Дәулетов, турнир ұйымдастырушысы
Бүгін жұлдызды қонақтар көрермендермен бірге компьютерде ойын ойнап, ерекше шоу көрсетті. Кештің басты қонағы әнші Миша Марвин. Ол турнир қонақтарына арнайы концерттік бағдарлама ұсынады.
Бұл турнир киберспорттың бүгінде жай ғана әуестік емес, үлкен мүмкіндіктер алаңы екенін тағы бір мәрте көрсетті. Мұндай жарыстар түрлі жастағы адамдарды біріктіріп, дарынды жастардың қабілетін шыңдауға жол ашады. Ал Павлодарда ұйымдастырылып жатқан осындай ауқымды жобалар қаланың заманауи бастамаларды жүзеге асыратын маңызды алаңға айналып келе жатқанын айғақтайды.
Сабина Жолдаспаева