Павлодардағы Ақпараттық технологиялар колледжіне жоғары колледж мәртебесі берілді. Ұжымның айтуынша, бұл мәртебе IT мамандарын даярлау жолындағы істе жаңа мүмкіндіктер ашады. Келесі жылдан бастап оқу орнының түлектері өз колледжінен басқа ешқайда бармай-ақ қолданбалы бакалавриат бағдарламасы бойынша білімін жалғастыра алады. 


Енді Жоғары ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері жұмысшы маманнан қолданбалы бакалавр дәрежесіне дейінгі білім жолынан өте алады. Жаңа мәртебе IT саласына жоғары білікті мамандар даярлауға мүмкіндік бере отырып, студенттер үшін үйреншікті білім беру ортасын сақтап қалады. Жаңа мәртебенің берілуі оқу жүйесін түбегейлі өзгертпейді, керісінше оның мүмкіндіктерін кеңейтеді. Колледжді аяқтаған түлектер өтініш беріп, қолданбалы бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуын жалғастыра алады. Оқу мерзімі – бір жыл. Осы уақыт ішінде студенттер кәсіби білімдерін тереңдетіп, ақпараттық технологиялар саласында күрделі міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін біліктілікке ие болады.

Светлана Олейник, колледж директорының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы:

«Жаңа мәртебеге ие болу – бұл тек атаудың өзгеруі емес. Бұл – біздің колледж студенттері үшін жаңа мүмкіндік. Студенттер колледжге түсіп, жұмысшы біліктілігін және орта буын маманы біліктілігін алады. Одан кейін осы жерде оқуын жалғастырып, одан да жоғары деңгейдегі – қолданбалы бакалавриат біліктілігін иелене алады. Қолданбалы бакалавриат оларға кәсіпорындарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ олар күрделірек міндеттерді орындай алады, ақпараттық жүйелерді жобалайды, жобалар мен командаларды басқарады, кәсіпорынның ақпараттық қауіпсіздігіне жауап береді, басқарушылық шешімдер қабылдайды. Ал егер студент ғылыммен айналысуды қаласа, әрі қарай оқуын жалғастыра алады. Біздің бағдарламалар Инновациялық Еуразия университетімен келісілген. Сол жерде олар академиялық бакалавр дәрежесін алып, кейін магистратурада білімін жалғастыра алады.»

Сонымен қатар студенттерге оқу орнын ауыстырудың қажеті болмайды. Олар өздеріне таныс оқытушылардан білім алып, колледждің барлық IT инфрақұрылымын пайдаланады және серіктес кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтеді. Қолданбалы бакалавриатта сабақтарды ғылыми-педагогикалық магистр дәрежесі бар оқытушылар және университеттен шақырылған мамандар жүргізеді.

Павлодар облысы үшін бұл – IT мамандарын толық цикл бойынша өңірдің өзінде даярлауға мүмкіндік ашылды деген сөз. Яғни түлектерді басқа қалаларға жібермей, аймақтың кадрлық әлеуетін нығайтып, кәсіпорындардың білікті мамандарға деген сұранысын қамтамасыз етуге жол ашады.

Светлана Олейник, колледж директорының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы

«Жоғары ақпараттық технологиялар колледжі IT мамандарын даярлаудың жаңа құрылымын қалыптастырады. Біз жоғары деңгейдегі мамандарды даярлаймыз және олар өңірде қалып жұмыс істейді. Соның нәтижесінде ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологиялар саласындағы кадр тапшылығы азаяды.»

Биыл колледж 500-ден астам маманды даярлап шығарды. Оқу ордасы азіргі таңда төрт бағыт бойынша кадр даярлауда. Алдағы жаңа оқу жылында мұнда жаңадан «Ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы» мамандығы ашылады. Ал, қолданбалы бакалавриат бағдарламасына студенттер келесі жылдан бастап қабылдана бастайды. Қазіргі уақытта оқу орнына студенттерді қабылдауға мүмкіндік беретін лицензияға қосымша алу қажет.