Павлодар облысында кадрлық өзгерістер болды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен, аудандық мәслихат депутаттарының келісімі және өңір басшысының өкімімен Аққулы ауданына жаңа әкім тағайындалды. Сондай-ақ Ақсу қаласының да жаңа әкімі қызметіне кірісті.
Аққулы ауданының әкімі болып Асқар Ажмұрат тағайындалды. Асқар Қадырұлы 1976 жылы дүниеге келген. Жоғары білім алған. Мемлекеттік қызметте 24 жылдан астам еңбек өтілі бар. Әр жылдары Павлодар қаласы, Павлодар және Успен аудандары әкімдіктерінде жауапты басшылық қызметтер атқарған. Сонымен қатар екі жылдан астам уақыт Павлодар облысының құрылыс басқармасын басқарды. Жаңа қызметінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстарды жалғастырады. Ал Ақсу қаласының әкімі лауазымына Әнуарбек Аманов тағайындалды. Ол 1986 жылы дүниеге келген. 2008 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Автомобиль және трактор жасау» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған.Еңбек жолын 2009 жылы Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бас маман болып бастаған. Кейін тұрғын үй инспекциясы бөлімінде түрлі қызметтер атқарып, бөлім басшысы лауазымына дейін көтерілді. 2023–2024 жылдары Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары болды. Ал осы тағайындауға дейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Өңір басшылығы жаңа әкімдерге жүктелген міндеттердің тиімді орындалуына және өңірлердің тұрақты дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелі жалғастыруды тапсырды.
Сабина Жолдаспаева