Павлодарда көпқабатты үйдің жанында кішкентай баласымен серуендеп жүрген әйелдің үстіне мұз кесегі құлап түсті. Жоғары қабаттағы пәтерлердің бірінің терезесінен лақтырылған мұз әйелдің басын жарақаттаған. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кең резонанс тудырды.
Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған: қатты соққыдан әйел адам қолындағы бесік арбаны жіберіп алған. Алайда ауыр жарақатына қарамастан, анасы оны дереу тоқтатып, баласын қауіптен құтқарып үлгерген. Зардап шеккен жан мидың шайқалуы мен бас жарақаты диагнозымен ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оған бірнеше тігіс салды.
Оқыс жағдай 8 шілде күні орын алғанымен, кінәлі тұлғалар әлі күнге дейін жауапқа тартылған жоқ. Зардап шегушінің туыстары куәгерлерді тауып, оқиғаға қатысы бар болуы мүмкін адамдарды анықтағанын айтады. Ал Павлодар облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Алтынбек Медьяров, Павлодар қаласы полиция басқармасы оңтүстік полиция бөлімі бастығының орынбасары
Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын алып, зерделеді, куәгерлерден жауап алды, сондай-ақ өзге де қажетті тергеу әрекеттерін жүргізді. Бейнежазбада заттың жәбірленушінің үстіне құлаған сәті тіркелген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, бұл дереске қатысы бар адамды тауып, жауапкершілікке тарту үшін барлық шара қабылдануда. Іс –облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.