Өңірде бейберекет қоқыс үйінділеріне қарсы күрес күшейеді. Экологтар табиғатқа залал келтіретін зиянды әдетпен аянбай күресеміз деп отыр. Мәселен, қоқыс жиі төгілетін проблемалы аумақтарға бейнебақылау камералары орнатылмақ. Қоқысқа қарсы күрес жолы тек тиым салудан тұрмайды. Тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигон ашып, инфрақұрылымның жақсаруына жол ашпақ.  


Стихиялы түрде пайда болған үйінділерге қарсы тұрақты рейдтер өткізіліп, үнемі жойылып отырғанына қарамастан, мәселе әлі де өзекті. Қалдықтарды әкеліп лақтырып тастайтын заңсыз орындар азаймай отыр. Өткен жылы ғарыштық мониторинг нәтижесінде Павлодар облысының аумағында осындай 250 орын анықталған. Олардың басым бөлігі елді мекендердің шетінде, автомобиль жолдарының бойында және өнеркәсіптік аймақтарда шоғырланған. Анықталғаннан кейін мамандар келіп, ол орындарды тазартады. Алайда, аз ғана уақыттан соң сол жерлерге қайтадан құрылыс және тұрмыстық қалдықтар төгіледі. Енді ең проблемалы учаскелерге бейнебақылау камераларын орнату жоспарланып отыр.

Әсет Сыздықов, экология департаменті басшысының орынбасары

«Бұл жұмыс маусым айында табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп басталды. Мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жедел топ құрылып, рейдтер жүргізілді. Мәселені шешу жолдарының бірі ретінде бейнебақылау камераларын орнату қолға алынды. Қазіргі таңда Суворов зиратында камералар орнатылып, жұмыс істеп тұр.»

Алдағы уақытта камераларды Полицияның жедел басқару орталығымен қосу жоспарланған. Бұл құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтарды уақытылы анықтауына мүмкіндік береді. Қанша камера қай жерлерге орнатылатыны әлі белгісіз. Бұл жергілікті атқарушы мекемелердің шешіміне және бөлінетін қаржы көлеміне байланысты болып отыр. Сонымен қатар өңірде қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда.

Әсет Сыздықов, экология департаменті басшысының орынбасары

«Мәселесін шешу үшін Ертіс, Тереңкөл, Майқайың және Баянауыл ауылында жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірленді. Осындай жобаларды Шарбақты, Железин, Май, Ақтоғай және Успен аудандарында да іске асыру жоспарланып отыр. Кез келген полигонның құрылысы қомақты қаржыны талап етеді. Бір нысанның құны шамамен бір миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қазіргі уақытта республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатыр.»

Баспасөз мәслихатында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысына да тоқталды. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірдегі 40 кәсіпорынға тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 50 заң бұзушылық анықталған. 

Қолма-қол тексерулерден бөлек, өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарын автоматтандырылған шығарындылар мониторингі жүйесі де бұл мәселені бақылауға алуға көмектесуі тиіс. Бұл жүйе атмосфераға таралатын ластаушы заттардың көлемін нақты уақыт режимінде бақылап, белгіленген нормативтерден асып кеткен жағдайда жауапты мемлекеттік органдарға автоматты түрде хабарлама жібереді.

Қазіргі таңда мұндай жүйені енгізуге міндетті 14 кәсіпорынның екеуі сылбырлық танытуда. 

Әсет Сыздықов, экология департаменті басшысының орынбасары

«"Павлодар-Водоканал" ЖШС мен "Energy Solutions Center" ЖШС-не тиесілі Екібастұз жылу электр орталығы. Қазіргі уақытта соңғы кәсіпорында қаржыландыруға байланысты қиындықтар туындаған. Мәселе бақылауда және жыл соңына дейін шешіледі деп күтілуде. Ал "Павлодар-Водоканал" ЖШС ішкі жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, биылғы жылдың соңына дейін деректерді беруді бастауды жоспарлап отыр.»

Егер аталған екі нысан автоматтандырылған шығарындылар мониторингі жүйесін орнатпаса, қатаң шаралар қолданылуы мүмкін. Тіпті, кәсіпорын жұмысын уақытша тоқтауы да мүмкін.