Павлодарда IT пәндері бойынша оқытушылар арасындағы Республикалық кәсіби шеберлік байқауы өз мәресіне жетті. Ақпараттық технологиялар колледжінде үздік мамандарды марапатталды. Тілші әңгімесінде.
Екі күн бойы Қазақстанның 20 өңірінен келген 66 педагог үш құзыреттілік бойынша бақ сынады: алгоритмдік және жобалық бағдарламалау, киберқауіпсіздік және веб-дамыту. Әр кезең – жай ғана білімді тексеру емес, шынайы кәсіби сынақ. Мұнда көбіне импровизация, тез шешім қабылдау және стресске төзімділік дәстүрлі әдістемелерден де маңызды рөл атқарды.
Бауыржан Сейталы, Павлодар облысы білім беру басқармасының баспасөз хатшысы
Біз республикалық деңгейде өткен шара қатысушыларға ұнады деп ойлаймын. Екі күн ішінде барлық тапсырмалар сапалы дайындалды. Осы уақыт бойы сарапшылар бағасын беріп, өздерінің тәуелсіз пікірлерін білдіріп отырды.
Алгоритмдік және жобалық бағдарлау» құзыреттілігінде Алматы қаласынан келген қатысушы жеңімпаз атанды. Бұл оның алғашқы байқауы емес, алайда педагогтың айтуынша, дәл осы жолы тапсырмалар ерекше қиын болған.
Райгүл Ельчибаева, «Hexlet» IT-колледжінің оқытушысы
Республикалық деңгейдегі тапсырмалар әрдайым күрделі. Екі тәулік бойы ұйықтамау мен үшін қалыпты жағдайға айналды. Бірақ бұл қызық, бұл тәжірибе, бұл есте қаларлық сәттер, ең бастысы эмоция. Сондықтан баршаға айтарым қатысыңыздар, өз мүмкіндіктеріңізді сынап көріңіздер.
Сондай-ақ, Ақтөбе облысынын келген киберқауіпсіздік құзыреттілік бойынша жарысқа қатысушы 3 орынды иеленді.
Байқаудың жабылуына арналған салтанатты шарада қатысушылар үшін колледж студенттері өнер көрсетіп, әндер мен музыкалық нөмірлер орындады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау еліміздегі педагогикалық IT-қоғамдастықтың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті. Ал оқытушылардың өзі өзгерістерге ашық, үйренуге, бәсекелесуге және индустриямен бірге дамуға дайын.
Дильназ Қуанышбекқызы