Павлодар облысында әскери қызметтен жалтарғаны үшін шамамен 500 шақырылушыға іздеу жарияланды. Бұған қоса, жаңа талаптарға сәйкес енді азаматтарды көшеден ұстап әкелу тоқтатылған. Әскерге шақыру туралы хабарлама электронды түрде SMS арқылы немесе жеке кабинетке жіберіледі. Толығырақ келесі сюжетте.

18–27 жас аралығындағы, кейінге қалдыруға немесе босатылуға құқығы жоқ азаматтар әскери қызметке шақырылады. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 30-бабына сәйкес, олар шақыру комиссиясына қағаз түріндегі повестка немесе SMS-хабарлама негізінде келуге міндетті. Жаңа ереже бойынша, енді повесткалар тек қағазбен ғана емес, электронды түрде – SMS арқылы немесе Egov порталының жеке кабинетінде беріледі. Бұл – шақыру процесін жылдам әрі қолжетімді етудің бір жолы.

Бекзат Оразов, Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы

Азамат электронды хабарламаны алған сәттен бастап ол повестканы алған болып есептеледі. Қазір барлық рәсімдер ықшамдалды. Егер осындай хабарлама келсе де шақыру пунктіне бармаса, мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 400 сағаттық қоғамдық жұмыс, тіпті бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

2022 жылдан бері мерзімді әскери қызметшілер үшін бірқатар жеңілдіктер енгізілген. Ең маңыздысы – әскерден оралған жас азаматтар екі жыл ішінде жергілікті жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ, тек сұхбаттасу нәтижесімен түсе алады. Бұл – жас сарбаздарды ынталандыруға бағытталған қолдау шарасы.

Бекзат Оразов, Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы

Тапсырмаға сәйкес, қазіргі таңда шекара қызметіне 65 адам жіберілді. Қарулы күштерге – 384 адам, мемлекеттік күзет қызметіне – 10 адам, төтенше жағдайлар қызметіне – 24 адам жөнелтілді. Ал Ұлттық ұланға әскери командалық екі топ аттанды: бірі – Астанаға, екіншісі – Өскемен қаласына. Олар осы сенбіде жолға шығады.

Ал денсаулық жағдайына немесе отбасылық себептерге байланысты әскерге бара алмаған 24–27 жас аралығындағы азаматтар үшін балама мүмкіндік бар. Олар арнайы әскери-техникалық мектепте білім ала алады. Ол үшін Egov порталы арқылы онлайн өтініш беріп, медициналық картасын жүктеу қажет. Құжаттар 10 күн ішінде жарамды болады.

Бекзат Оразов, Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы

Біздің өңірде Мәскеу көшесі 82 мекенжайында әскери-техникалық мектеп жұмыс істейді. Мұнда 24–27 жас аралығындағы жастар қабылданады. Әскерге бара алмаған, денсаулығында шектеуі бар немесе отбасылы, бір баласы бар азаматтар осы мектепте әскери дайындықтан өте алады.

Күзгі әскерге шақыру науқаны өңірде жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Әскери міндетін өтеуге ниетті жастар да, себепті босатылған азаматтарға арналған балама мүмкіндіктер де бар. Қорғаныс істері департаментінің мамандары жастарды шақыруды жеңіл әрі ашық жүргізуді жалғастыруда.

Дильназ Қуанышбекқызы