Наурыз мерекесі көктем келуі мен табиғат жаңаруын білдіреді. Ұлыстың ұлы күні биыл облысымызда қалай атап өтіледі? Мейрам аясында қандай шаралар ұйымдастырылады? Тілшіміз баяндайды.

Биыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай биылғы Наурызнама онкүндігінде заманауи технологиялар мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану жоспарланып отыр. Наурыз мерекесі аясында 14-22 наурыз күндері өңірімізде концерттер, театрландырылған қойылымдар, түрлі байқаулар, шеберлік сағаттары, көрмелер және басқа да мәдени-спорттық шаралар өтеді. Олар туралы толық ақпаратпен «Цифрлық Наурыз» ресми сайтында танысуға болады.

Қымбат Дощанова, Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары

««Digital nauryz» парақшасын құру, егов мобайл қосымашсы арқылы орталық және өңірлік іс-шаралар туралы пуш-хабарламалар тарату, жасанды интеллект тетіктерін пайдалану, онлайн трансляцияны кеңінен қолдаун көзделуде. 12 наурыздан бастап «Digital nauryz» платформасын іске қосу жоспарлануда. Онда іс-шаралар кестесі, хабарландырулар, Наурызнама тарихы мен салтдәстүрлері туралы бейнероликтер қарастырылған.»

21-22 наурыз күндері облыс бойынша барлығы 163 киіз үй құрылады. Оның 35-і Павлодар қаласында болмақ. Айта кету керек, 20-23 наурыз аралығында киіз үйлерді орнату, кейін бұзу үшін Астана және Сатбаев көшелерінде қозғалыс шектеледі.

Светлана Гладышева, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары

«Негізгі мерекелік шара 22 наурыз күні сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін Сатбаев көшесіндегі орталық алаңда өтеді. Алаңда мерекеге сай тақырыптық безендіру қарастырылған. Айта кету керек, барлығы 35 киіз үй бірнеше ауылға біріктіріледі. Әр ауылда шығармашылық бағдарлама ұйымдастырылып, әрбір киіз үйге кіріп, суретке түсіп, ұлттық салт-дәстүрлермен танысуға мүмкіндік болады. Сағат 10:00-де павлодарлықтар үшін музыкалық бағдарлама басталады. Концертке Қыдыр ата мен Жер ана бейнелері қатысады, ұлттық ақ кимешек киген әжелер шеруі өтеді. Сонымен қатар диджей-сет ұйымдастырылып, мерекелік дискотека өтеді.»

Облыс орталығында өтетін концертте Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әншілері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. Сонымен қатар кеш сәнін келтіріп, көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлау үшін Қайрат Нұртас, Еңлік және «Тұран» тобы арнайы шақырылды.

Жұлдыз Қабылденова