Павлодар облысында 180 мыңға жуық адамға әлеуметтік төлем тағайындалған. Қазір азаматтарға аталмыш көмектердің тағайындалуы жеңілдеген. Бәрі автоматтандырылған. Толығырақ тілші сюжетінде.
Аймақ тұрғындарына зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік қорғау саласында 17 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ мемлекеттік бюджет есебінен 41 түрлі әлеуметтік төлем тағайындалады. 2025 жылы республикалық бюджеттен 265 млрд теңге төленсе, 2026 жылы 275 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Алмагүл Мұхамедова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 125 731 адамды құрады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдері индексацияланып, ынтымақты зейнетақы мөлшері 10%-ға өсті, бұл инфляция деңгейінен 2%-ға жоғары. 2025 жылдың қорытындысы бойынша орташа зейнетақы мөлшері 158 038 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 102 798 теңге, базалық – 55 240 теңге, ал жиынтық орташа зейнетақы 193 мың теңгеге жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ең төменгі және ең жоғарғы базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі базалық зейнетақы күнкөріс минимумының 70%-ына дейін – 35 596 теңгеге, ең жоғарғысы – күнкөріс минимумының 118%-ына дейін, яғни 60 005 теңгеге дейін көтерілді. Ең төменгі зейнетақы мөлшері 69 049 теңге деңгейінде белгіленді.
Аймақта 20 711 мүгедектігі бар адам мемлекеттік жәрдемақы алады, олардың мөлшері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты 6,5%-ға артты.
Алмагүл Мұхамедова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы
Мемлекеттік жәрдемақының екінші түрі асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік жәрдемақыны 8 323 отбасы алады. Балалы отбасыларды қолдау шаралары бала тууға байланысты жәрдемақыны, 1,5 жасқа дейінгі күтім бойынша бала күтіміне байланысты.
Өткен жылы өңірде бала тууына байланысты 1 млрд теңгеден астам, ал мүгедектігі бар балалары бар отбасыларға 3.5 млрд теңге қаражат төленді. Ал, кәмелеттік жасқа толмаған, 4 және одан көп балалары бар жанұяларға 9 млрд теңгеден астам қаржы тағайындалды. Қазіргі таңда Павлодар облысында шамамен 180 мың тұрғынға 304 мың әлеуметтік төлем төленеді.
Самал Қалиқызы