Павлодар облысында бүйрек қатерлі ісігіне шалдыққан науқастар саны артқан.Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүгінде облыстық онкологиялық диспансерде осы диагнозбен 666 адам есепте тұр.Қатерлі аурудың алдын алу үшін дәрігерлер қандай кеңес береді? Толығырақ келесі сюжетте.

Бүйрек – адам ағзасындағы маңызды мүшелердің бірі. Ол қанды сүзгіден өткізіп, ағзаны зиянды заттардан тазартады. Сондықтан мамандар бүйректі «ағзаның екінші жүрегі» деп атайды. Егер бүйрек қызметі бұзылса, бұл адам өміріне үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Қазіргі таңда Павлодар облысында бүйрек ауруларын емдейтін және гемодиализ жасалатын бірнеше бөлімше жұмыс істейді.

Ульфат Боромбаев, Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінің жалпы онкология бөлімшесінің бөлімше меңгерушісі

Бүйрек қызметін бақылап отыру өте маңызды. Бұл тек науқастарға ғана емес, барлық адамдарға қатысты. Дұрыс тамақтанбау, алкоголь секілді зиянды әдеттер бүйрек жұмысына кері әсер етеді. Ал бүйрек қатерлі ісігі анықталған жағдайда, негізгі емдеу тәсілі – хирургиялық операция. Өкінішке қарай, бұл ісікті емдеуде басқа әдістер тиімді емес.

Мамандардың айтуынша, бүйрек қатерлі ісігінің нақты белгілері бола бермейді. Алайда бел тұсының себепсіз ауыруы, зәрде қанның пайда болуы немесе іш қуысында ісік байқалса, бірден дәрігерге қаралу қажет. Себебі аурудың бастапқы кезеңінде ісік еш белгі бермеуі мүмкін. Көп жағдайда дерт профилактикалық тексеріс кезінде анықталады.

Ульфат Боромбаев, Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінің жалпы онкология бөлімшесінің бөлімше меңгерушісі

Біздің диспансерде жыл сайын орта есеппен бұл аурудың 80-нен 100-ге дейін жаңа жағдайы анықталады. Науқастардың шамамен 58 пайызына радикалды ем жүргізіледі. Тіпті аурудың төртінші сатысында да емдеуді тоқтатпаймыз. Науқастарға барынша көмектесуге тырысамыз.

Бүйрек ауруларының алдын алу үшін дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерден бас тартуға және тұрақты түрде медициналық тексеруден өтіп тұру қажет.

Дильназ Қуанышбекқызы